ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ
Аудан әкімінің орынбасары Бибоз ШАЯХМЕТОВТЫҢ айтуынша, «Қамқорлық» қорына жеке адамдардан түскен қаржыға жақында екі отбасыға баспана сатып алынды.
Миялы ауылдық округінде тұратын Тегісбай ҚАМАТОВТЫҢ отбасы үйсіз болатын, ал, Ойыл ауылдық округінде тұратын Айтжан ӘЛИЕВТІҢ баспанасы апаттық жағдайға жеткен еді.
МАҚАТ АУДАНЫ
Мақат кентінің әкімдігі күнкөрісі төмен отбасыларға арнап «Демеу» киім-кешек дүкенін ашты.
Тауарлармен қамтуды жергілікті кәсіпкерлер мойындарына алған. Дүкендегі заттар аз қамтылған отбасыларға тегін берілуде.
ИНДЕР АУДАНЫ
Су тасудың қауіп төндіріп тұрмағаны болжанғанмен, индерліктер сақтық шараларын қазірден қолға алды.
Индербор кенті, Есбол, Жарсуат, Елтай, Өрлік, Көктоғай, Бөдене ауылдарының маңына бөгеттер тұрғызылған.
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ
Құлсары қаласында ТШО демеушілігімен екі жыл бұрын үйлері сүрілген тұрғындардың уақытша қоныстануы үшін көпқабатты үйлерден 64 пәтер сатып алынған болатын.
Тұрғындар жаңа салынған пәтерлеріне көшкеннен кейін бос қалған пәтерлер дәрігерлер, полицейлер, мұғалімдер секілді бюджет қызметкерлеріне қызметтік пәтер ретінде берілуде.
ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ
Аудан әкімдігі әлеуметтік автокеруенмен ауылдарды аралап, жұртшылықпен кездесулер ұйымдастырды.
Жуырда Байда округі Котяев ауылында тұрғындармен болған кездесуде бірқатар мәселелер айтылып, жеке кәсібін ашқысы келетіндердің тілегі тыңдалды. Кезекті кездесуде медицина қызметкерлері тұрғындарды қабылдады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА