Атырау, 29 қараша 09:33
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Аққалаға жол биыл салынбайды

3 351 просмотра

Image 0«Атырау-Орал» тас жолының бойынан небары үш шақырым қашықтықта орналасқан Индер ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Аққала елді мекенінде жүз елудей үй, мыңға жуық халық тұрады. Алайда, мұнда балабақша мен су құбыры жоқ, қатты жел тұрса, ауыл жарықсыз қалады. Бірақ ең үлкен проблема - ауылға дейінгі кірмежол мен ауыл арасындағы жолдар, яғни, олардың жоқтығы.

Ауылға кірмежолдың ұзындығы бар болғаны үш-ақ шақырым, бірақ оны да жақын арада салмайды деп отыр. Жаңбырлы күндері жер ми батпақ болып, аяқ алып жүре алмайсың.

Үйлер көп орналасқан Т. Жылысов және Қ. Жұмалиев көшелерін көлшіктер басып қалыпты. Ауылдағы жалғыз мектеп Жылысов көшесінде орналасқан. Балалардың сабаққа барып келуі қиындап, үлкендер үйден шықпауға тырысады.

- Жылда жер қашан кебеді деп күтеміз. Ал, биыл тіпті қиындап кетті, - дейді тұрғындар.

Бұрын ауыл адамдары техника-ның күшімен көше суларын басқа арнаға ағызуға жұмыстанатын.

- Ал, қазір мәселені бұлай шеше алмаймыз, себебі, былтыр ауылға су құбырын жүргізерде жерді қазып, кейін көмген, алайда жұмыстар аяқталған кезде оларды дұрыс нығыздамаған. Қазір көшелердің бәрі ми батпаққа айналды, ал су құбырында су әлі жоқ, - дейді тұрғындар Марат РАУШАНОВ, Асқар КЕНЖАЛИЕВ, Еркебай РАХИМОВ. Қазір аққалалықтар көліктерін ауылға кіре беріске тастап кетуге мәжбүр. Олар ауданнан көмек күтеді.

- Егер жаңбыр жаумаса, он шақты күнде көлшіктер сіңіп, құрғап кетеді ғой. Содан кейін бульдозер шығарып, көшелерді тегістейтін боламыз, - дейді Елтай ауылдық округінің әкімі Ербол ДҮЙШІМ.

Бірақ жаңбыр әлі болады және бір емес, бірнеше рет, көктем емес пе? Дұрыс асфальтталған жол керек.

Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН: - Ол үшін алдымен ЖСҚ жасау қажет, кейін қаржыландыруды күту керек. Биыл үлгермейміз, - дейді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

10 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.