Атырау, 29 қараша 09:42
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Сумен қамту әлі де ақсап тұр

3 135 просмотра

Image 0Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша Департаментінің 2016 жылғы 9 ақпандағы бұйрығымен «ИнтехЖайық» ЖШС-і мемлекеттік тіркелімнен шығарылған. Ал, бұл дегеніңіз ЖШС Индербор поселкесін сумен қамтамасыз ету өкілеттігін тапсырды деген сөз.

«ТАРИФТІ КӨТЕРУ КЕРЕК»

ЖШС директоры Ерлан БИСЕНҒАЛИЕВПЕН сөйлесуге еш мүмкіндік болмады, оның ұялы телефоны өшірулі тұр.

Бүгінде индерліктерді сумен қамтамасыз етуді жаңадан құрылған «ИндерСу» КМК жалғастыруда. Су 1972 жылғы ескі СТҚ арқылы үздіксіз берілуде. Ал, жарты миллиардтан асатын қаржыға салынған жаңа СТҚ тек су қажеттілігі туған жаз айларында іске қосылады екен.

«ИндерСу» КМК учаске бастығы Марат Хамзин бұрын «ИнтехЖайык» ЖШС-інде жұмыс жасаған.

- Мен «ИнтехЖайықтың» басшылығы үшін жауап бере алмаймын және олардың қанша, кімге қарыз екенін, сондай-ақ ЖШС-тің жұмысы неліктен тоқтатылғанын да білмеймін, - дейді М. Хамзин. - 20 шақты жұмысшы желтоқсан, қаңтар айының еңбекақысын ала алмай жүр. Біз қазір «ИнтехЖайық» ЖШС-нен шыққандағы есеп айырысу ақшамызды қашан алатынымызды да білмейміз.

«ИндерСу» КМК директоры Шалқар АЛМУРЗИЕВТІҢ айтуынша, жаңа құрылған мекеме тұрғындармен келісімшартқа отыруды бастап кеткен.

Ал, Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИННІҢ айтуынша, КМК тұрақты жұмыс жасауы үшін тарифті көтеру керек:

- Бізде су арзан. Мәселен, бір текше метр су 79 теңге болса, Индербор халқы соның 30 теңгесін ғана төлейді, қалғанына субсидия берілуде. Бәрібір бұл сома су беруші мекеменің қаржылық жағдайын шешіп бермейді. Электр қуаты мен газге төлейтін коммуналдық төлемдер мен жалақы төлеу және т. б. шығындар көп, ал қайтарым төлемақысы аз. Сондықтан су тарифін көтеру қажеттілігін халыққа түсіндіру керек. Әйтпесе, біздің мекемелеріміз осылай құрдымға кете береді.

АУЫЛДАҒЫ СТҚ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Аудандағы Жарсуат, Бөдене, Елтай, Есбол, Көктоғай, Өрлік ауылдарында «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында су беріліп отыр. Ауылдардағы миллиондаған сомаға салынғансу тазарту қондырғылары (бұдан әрі СТҚ) қазір іске жарамай тұр.

Аудан әкімдігі ауылдардағы СТҚ біріктіріп, бір мекеме арқылы басқару жөнінде ұсынысының іске асатынын былтыр жазда мәлімдеген болатын, бірақ жүзеге аспай қалды. Елтай және Есбол ауылдарындағы СТҚ жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілді. Ал, Өрлік, Көктоғай, Бөдене, Жарсуат ауылдарындағы СТҚ мәселелері әлі нақты шешімін таба қойған жоқ.

- Енді жуық арада конкурс өтіп, нысандар жеңімпаздарға берілетін болады, - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ. - Негізі осы күнге дейін СТҚ жұмысымен айналысып жүрген кәсіпкерлер алады деген ойдамыз. Содан кейін су тарифы белгіленеді.

Естеріңізге салсақ, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың есебінде соңғы жылдары өңірдегі елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету 52 пайыздан 75,6 пайызға өскендігі, ал, 2016 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіштің 78 пайызға жететіні хабарланған еді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

10 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.