Атырау полицейлері өткен жылы құпия қуыстан табылған соғыс және еңбек марапаттарының иесін тапты («Кімнің ордендері?»).
Осы хикаяны еске салайық. «Су арнасы» маңында патрульде жүрген полицейлер көлікжайлардың бірінің қабырғасындағы текшеге назар аударады. Сол жерге біреу 16 орден мен медальдарды, екі төсбелгі және қос жеңілгек салынған дорбаны тығып қойған екен. Дерекқордан марапаттардың жоғалғаны немесе ұрланғаны туралы шағым түскен-түспегені тексерілді. 2015 жылы мұндай шағым түспеген екен. Ал өткен жылдардың дерекқорларын іздеу жұмыстары нәтиже берді: 2013 жылдың сәуірінде Жылыой АІІБ-не Жетінші ауыл тұрғынынан шағым түскен. Оның майдангер әкесінің соғыстағы марапаттары мен 200 мың теңгесі үйінен ұрланып кеткен екен. Марапаттардың нөмірлері сәйкес келді.
– Соғыс ардагерінің өзі бұл өмірде жоқ. Ал оның қызы растайтын құжаттарды ұсынды. Сөйтіп марапаттар оның заңды иесіне қайтарылды, - дейді ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВА. – Алайда ұрлық оқиғасы әзірге ашылмаған күйде қалып отыр.
Тамара СУХОМЛИНОВА