Атырау, 22 желтоқсан 10:41
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​«Санжар» серкелері

1 824 просмотра

Image 0«Санжар» спорт клубының футбол командасы Тараз қаласында кіші футбол ардагерлерінің арасында өткен ел чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды.

«Санжар» командасы осыдан екі жыл бұрын құрылған, оның құрамын жастары 43-тен асқан футбол әуесқойлары құрайды. Олардың ішіндегі ақсақалы – Исатай Кереев 57 жаста. Осы уақыт ішінде команда көптеген ардагерлер турнирінде ойнап үлгерді. ҚР чемпионатына өткен жылы бірінші рет қатысып, 16 команданың ішінен 7-орынды иеленді.

Бұл жетістік бастама үшін жаман да емес, алайда, біз одан да жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылдық. Жаттығуға бар ынтамызды салдық, Ресейден жаттықтырушылар шақырып, жеті күндік шеберлік дәрістерін өткізіп отырдық. Бұл бізге үлкен көмек болды. Бұл жеңіс соның нәтижесі, – дейді команданың жаттықтырушысы және команда иесі Нұрлан ЖОЛБОЛОВ.

Ардагерлер чемпионатының қоятын талаптары өте қатал. Айталық, қатысушылардың жасы 43-тен төмен болмауы керек және әрбір матчта алаңға жасы 55-тен төмен болмайтын кем дегенде бір ойыншы шығуға тиісті. Бастапқыда «Санжар» Шымкент, Тараз және Қызылорда командаларымен бір топта ойнады. Сол ойында бірінші орынды иеленіп, плей-оффқа шықты. Жартылай финалда атыраулықтар 3:1 есебімен алматылық қарсыластарын жеңіп кетті, ал, финалда 2:0 есебімен Жамбыл облысының Қаратау қаласынан келген команданы тізе бүктірді. Міне, осылайша олар алтын медальды чемпиондар атанды!

Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жаттығуды, ойнауды жалғастыра береміз, әлі де жеңістерге жетуге тырысып көреміз, – дейді «Санжар» командасының капитаны Жексенбай ҚҰСАЙЫНОВ. – Жалпы футбол біз үшін жай ғана аптасына үш рет жұмыстан кейін келіп-кететін жаттығу да, хобби да емес, жаның қалап тұратын қызығушылық. Тіпті, біреулер үшін бала күнгі футболист болсам, команда құрамында ойнасам деген армандарының орындалуы.

Айта кету керек, «Санжар» футбол клубы – бұл тек футбол командасы ғана емес. Клубтың бастамашыл тобы егде жастағы адамдарды спорттың басқа да түрлеріне тартуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде бильярд және ұлттық ойынымыз асық ату бойынша жұмыстар атқарылуда.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті «Санжар» спорт клубы ұсынды

3 наурыз 2016, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.