Бангкокте өткен Азия чемпионатында грек-рим стиліндегі палуан, Атырау облысының намысын қорғайтын Дамир Күзембаев 130 келі салмақта «қолаға» қол жеткізді. Классикалық күрестен облыс құрамасының жетістіктері туралы команданың аға жаттықтырушысы Еркебұлан УАЙСОВ (суретте) әңгімелеп берді.
- Өзіңіз туралы айтыңызшы.
- Менің жаттықтырушылық өтілім - 12 жыл, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпиондары Асылбек Қосаманов, Әділет Сисенбаев, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері Бекнұр Бағытжанов және Бекхан Алданов сияқты спортшыларды тәрбиеледім. 2015 жылдың қазан айында Жақсы қаласында кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Осы жерде Иса Қожасов финалға шығып, ҚР жасөспірімдер құрамасының бапкерлер штабының көзіне түсті және 2018 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға бірінші үміткер ретінде қарастырылады.
- «Классиктер» үшін өткен жыл қалай өтті?
- Қараша айында Ақтөбеде өткен Қазақстан кубогында бесінші орын алғанымыз - әзірге басты жетістігіміз. Облыстар және Алматы мен Астана қалалары құрамалары командалық матчтық кездесулер өткізді. Алғашқы айналымда командамыз Қарағанды мен Алматы командаларын жеңді. Өз тобымыздағы бірінші орын үшін матчта Астанадан ұтылып қалдық. Ал, финалдық бөлімге төрт топтың жеңімпаздары ғана шықты. Бесінші орын үшін өткен матчта Павлодар облысының құрамасынан басым түстік. Атырау облысының құрамасы ел кубогында алғаш рет осындай биікке көтеріліп тұр. Барлық балалар ерледі. Бұлар - Мадьяр Тұрғанбеков, Қаһарман Қисметов, Мадьяр Әділғали, Шынболат Есеналиев, Жасұлан Маратов, Қайыржан Байшораев, Ілияс Гучиков, Илья Насточенко және Д. Күзембаев.
Шілдеде Қ.Қисметов жастар арасында Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, Бразилияның Сальвадор қаласында өткен әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болып, сол жерде екі белдесу өткізді. Алғашқысында болгар спортшысын ұтқанымен, келесіде әзірбайжандыққа есе жіберді.
Евгений Поливадов.
- Спортшылар биыл қандай турнирлерге қатысып үлгерді?
- Қаңтар айында Таразда ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Облысымыздың намысын он спортшы қорғады. Д. Күзембаев чемпион атанып, Бангкокте өтетін Азия чемпионатына қатысу құқығына ие болды. Ол сол жерде үш кездесу өткізді. Алғашқы белдесуде ирандық спортшыдан ұтылып қалды. Алайда ирандықтың финалға шығуына байланысты Дамирге ынталандыру мүмкіндігі берілді. Ол бұл мүмкіндікті жіберген жоқ. Алдымен қырғыз палуанын алып ұрса, үшінші орын үшін болған белдесуде Өзбекстан өкілін жеңді.
Қаңтар айында облыс құрамасының жастар құрамы – жеті спортшы - облыстық күрес федерациясы мен облыстық спорт басқармасының қаржысына Алматы облысындағы «Алексеевка» спорт базасында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Қазір осы спортшылар Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысындағы «AIBA» спорт базасында жаттығып жатыр. Сол жақтан олар Болгарияға ұшады. Бұл елде Халықаралық күрес федерациясының ұйымдастыруымен халықаралық турнир өтеді. Сол жақтан қайтқаннан кейін балалар Эстонияға оқу-жаттығу жиынын өткізуге барып, халықаралық турнирге қатысады.
Болгариядағы да, Эстониядағы да турнир өте маңызды, өйткені, олардың қорытындылары бойынша Франция мен Филиппинде өтетін әлем және Азия чемпионаттарына қатысатын ел құрамасы анықталады.
- Осы «үздік жетілік» деп үкілеп отырған спортшыларды атаңызшы.
- 55 келіге дейін – Мирас Рахметуллаев, 60 келіге дейін – Қосаманов, 66 келіге дейін – ағайынды Асылан және Жасұлан Құспановтар, Қисметов, 74 келіге дейін – Евгений Поливадов және 84 келіге дейін – Нұркен Дүйсенғалиев.
Жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына баруды қаржыландырғаны үшін облыстық күрес федерациясының президенті Қ. Оразбаевқа, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н. Ермұхановқа және оның орынбасары Г. Қаленоваға алғыс айтқым келеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ