Алматыда Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен және «АРТИКЛЬ 19» халықаралық құқыққорғау ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Сөз бостандығы мен құқық теңдігі» тақырыбындағы семинарда талқыға салынған мәселелер арасында Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің жайы да сөз болды. Біз «АРТИКЛЬ 19» ұйымының Қазақстандағы өкілі Рината АЛИБЕКОВАҒА (суретте) бірнеше сауалдар қойдық.
«ҚОҒАМ БІЗГЕ АГРЕССИВТІ ТҮРДЕ ҚАРАЙДЫ»
- Рината, әуелі «АРТИКЛЬ 19» ұйымының мақсаты мен міндеттері туралы айтып өтсеңіз.
- Біздің негізгі бағытымыз – әлем бойынша ой еркіндігін қорғау және алға бастыру. «АРТИКЛЬ 19»-дың қазір жеті елде өкілдігі бар. Қазақстанда жұмыс істеп жатқанымызға биыл төртінші жыл. Осы уақыт ішінде біз журналистерге, сондай-ақ, БАҚ заңгерлеріне арналған көптеген тренингтер мен сарапшылардың кездесулерін ұйымдастырдық. Одан бөлек, Қазақстандағы әріптесіміз – «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорымен бірлесіп адвокаттық қызметпен айналысамыз.
- Былтыр қыркүйекте Қазақстандағы ЛГБТ өкілдеріне мониторингтік зерттеу жүргіздіңіздер. Нәтижесі қандай болды?
- Біз ЛГБТ өкілдерінен ой еркіндігін білдіру деңгейін, сондай-ақ, осыған байланысты мәселелерді анықтауға тырыстық. Зерттеу жасы 16-дан басталатын 33 ЛГБТ өкілімен сұхбатқа және электронды БАҚ пен әлеуметтік желілердегі посттарға жасалған мониторингке негізделіп жүргізілді. Біз толық зерттеу жүргіздік деп айтпаймыз, басты трендтерді анықтауға тырыстық. Негізгі қорытындылар мынадай: ЛГБТ-ның ой еркіндігін білдіру құқығы бірқатар қиындықтармен ұштасып жатыр. Бастысы – бұл мәнмәтіннің өзі, яғни, қоғамдағы басым болып тұрған қарым-қатынастың гомо- және трансфобтық болып келуі. Мен біздің дискриминация таралып отырғанын неліктен айтып отырғанымыз түсінікті болуы үшін болжамға сүйенген екі мысал келтірейін. Трансгендер-ер адам ақырғы шешім қабылдап, жынысын ауыстыру бойынша ота жасатады. Нәтижесінде оның сыртқы келбеті, түр-сипаты бұрынғысынан қатты өзгеріп шыға келеді. Ол бір жерде жұмыс жасаған немесе оқыған болатын. Енді қоғамның бір бөлігі одан теріс айналады, оның ішінде жұмыс беруші немесе оқу орнының әкімшілігі бар. Оны жұмыстан босатады немесе оқудан шығарады. Ол жоғары инстанцияларға шағымданады, бірақ онда да дискриминацияға тап болады.
Немесе гомосексуал жігітке шабуыл жасалды делік. Және жәбір көрсетушілер оны сексуалдық бағытына байланысты балағаттап, кемсітеді. Кейін бұл зорлық-зомбылық құрбаны полицияға шағымданады, бірақ оған онда өзіңе сол керек деп, көмек көрсетуден бас тартады. Әділетсіздікпен бетпе-бет келгенде және мемлекеттік органдардан құзырлы көмек ала алмағанда адамдар әдетте кімге шағымданады? Бұқаралық ақпарат құралдарына. БАҚ қолдауымен барлық мәселелер әлдеқайда әділетті, әлдеқайда тез шешіледі. Бұл да ЛГБТ үшін жақсы жол болар еді. Онда неге ЛГБТ адамдары БАҚ-қа арызданбайды? Өйткені, олар ТВ көреді, баспасөз оқиды және оларға деген қоғамның қандай төзімсіз екенін біледі. Олар сол Ресейде қабылданатын гомофобты заңдар туралы, КСРО-да біржынысты қатынастың қылмыстық тәртіппен қудаланғанын біледі. Олар проблемаларын қате түсініп, өздерін дөрекі етіп көрсетіп, өздерінен сенсация жасап, қоғам тарапынан тағы да көп негатив пен агрессия тудыра ма деп қорқып, БАҚ-қа арызданудан бас тартады. Біздің зерттеуде мұндай жарияланымдардың мысалдары бар.
ВИКИПЕДИЯДАН
ЛГБТ (ағылш. LGBT) — 1990-шы жылдары лесбиянкалар (Lesbian), гейлер (Gay), бисексуалдар (Bisexual) және трансгендерлерді (Transgender) анықтап жазуға арналған ағылшын тілінен пайда болған аббревиатура.
Біздің қоғамда гомосексуалдық пен педофилия – егіз ұғым деген қате түсінік таралған. Ал, шын мәнінде олардың арасында бір ғана себепке байланысты ортақ ештеңе жоқ – гомосекуалдық қатынасқа өз еркімен қалаған кәмелет жасына толған екі адам кіреді. Педофилия – бұл балаға жасалған сексуалдық сипаттағы қылмыс. Бұл түсінікті болғанымен, адамдардың ойын өзгерту өте қиын екен. Немесе, мәселен, әңгіме ЛГБТ-қауымдастыққа көмек туралы болғанда, бізден гей-парадтарды өткізуді қолдайсыз ба деп сұрайды. Менің өзімнің гей-парадтарға қарсылығым жоқ, бірақ, меніңше, бұл туралы ойлау ертелеу сияқты. Әуелі ең кем дегенде кез келген бейбіт митингілерді, шерулерді және т.б. өткізу тәртібін қазіргі рұқсат етілетін түрінен ескертілетін түріне өзгерту керек. Қазір біз тек ЛГБТ-қауымдастыққа, еліміздің кез келген азаматына Конституциямен кепілдендірілген құқықтарын түсіну арқылы олардың жағдайын жақсартуға тырысудамыз.
- Мониторингтік зерттеу жалғасын таба ма?
- Біз жалғасады деп үміттенеміз.
- Атырауда жүргізесіздер ме?
- Әзірге жоспарлаған жоқпыз.
«СТАТИСТИКА ЖОҚ»
- Еліміз бойынша ЛГБТ өкілдерінің статистикасы бар ма?
- Бұл ең көп таралған сауалдардың бірі. Бұған нақты жауап жоқ. Қазақстанда мұндай статистика жоқ, ол түсінікті де, себебі, санақ жүргізілмейді. Біз жер бетіндегі әрбір оныншы адамның сексуалдық азшылық өкілі екенін көрсетіп отырған халықаралық зерттеулерге жүгінеміз.
- Қазақстанда қанша адам жынысын ауыстыру бойынша ота жасатқан?
- Мұндай мәліметтер бізде жоқ.
- Қазақстанда ЛГБТ өкілдері тарапынан құқығым шектелді деп ресми түрде шағымданған жағдайлар болды ма?
- Болды, бірақ көп емес. Былтыр жазда бізге жынысын ауыстыру бойынша ота жасатқан соң ішкі істер органдарынан қуылған трансгендерлік ер адам шағымданды. Ол жұмыстан заңсыз қуылғаны жөнінде сотқа арыз берген. Біз сот процесін жариялық пен соттың істі әділ қарау құқығын сақтау жағын бақыладық. Өкінішке орай, жауапкер процесс жабық жүруі үшін бар күшін салды. Бірінші инстанцияның шешімі жауапкердің пайдасына шешілді, бұдан соң арыз беруші апелляциялық шағым жазды.
- Сіз семинар кезінде ЛГБТ ауру да емес, психологиялық ауытқушылық та емес дедіңіз. Сонда бұл не?
- 1990 жылы ДСҰ гетеросексуалды, бисексуалды және гомосексуалды деп аталатын үш түрлі жыныстық бағыт-бағдар бар деп таныды. Және осы үшеуі қалыпты болып табылады. Меніңше, бұл дені сау ересек адамның жеке таңдауы, өз жолын, мамандығын, қарым-қатынас аясын, серіктесін және т.б. таңдауы. Дәл осы жеке таңдауының кесірінен адамның дискриминацияға ұрынуы, қысым көруі өте өкінішті. Тарихты еске түсіріп, нәсілдік дискриминациямен ұқсас мысалды келтіргім келеді. Ол кезде қара терілі адамдарды мектептерде қинап, автобустарда соңғы орындықтарға отырғызып, жұмыс бермейтін және т.б. қорлайтын.
Және қысым көрсеткендер өздерінің әрекеттерінің дұрыс екеніне сенімді болды. Сізге бұл қоғамның ЛГБТ-ға дәл сол сенім деңгейімен қысым көрсетіп, мұны дұрыс деп есептейтін біздің бүгінгі заманымызды еске түсірмей ме?
- Э-э… барлық афроамерикандық натуралдар мұндай теңестірумен келіседі деген сенімде емеспін...
ЛГБТ өкілдерін кемсітушіліктен қорғау мақсатында сіздер Қазақстан үкіметі мен парламентіне өз ұсыныстарыңызды әзірледіңіздер. Онда ҚР ҚК-нің 174-бабын («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, сословиелік немесе діни араздықты қоздыру») өзгерту туралы ұсыныс бар.
- Иә, біздің зерттеуде СОГИ (сексуальная ориентация и гендерная идентичность, қазақша - сексуалды бағыт-бағдар және гендерлік сәйкестік) этникалық, діни немесе әлеуметтік топқа жатқызылғандар секілді қорғалатын нышандардың тізіміне енгізілу керектігін айтып отырмыз. ЛГБТ өкілдері де дискриминациядан заңды түрде қорғалуға мұқтаж.
АТЫШУЛЫ ПОСТЕР ТУРАЛЫ
- Алматыда ЛГБТ өкілдеріне қатысты жиі дау шығып тұрады. Соның бір мысалы Алматыдағы гей-клубқа қатысты атышулы жарнамамен байланысты оқиға. Сотта Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісіп тұрғаны бейнеленген постерді шығарушыларға 34 млн теңге моральдық шығын өтеу туралы шешім шықты. Неге кейбір ЛГБТ өкілдері өздерін ашықтан-ашық «біз сондаймыз» деп сексуалды бағыты туралы айтуға құмар?
- Маған белгілісі, бұл постерді жарнамалық агенттіктің дизайнерлері халықаралық көрмеге арнап дайындаған болатын. Интернетке ол кездейсоқ немесе әдейі салынған, бірақ оларды жасағандардың еркімен емес. Мен бұл жағдайды ЛГБТ тақырыбына емес, Қазақстандағы сөз бостандығын шектеу тақырыбына жатқызар едім.
ЛГБТ-ның өз артықшылықтары туралы мойындағысы келіп тұратын тілегі туралы айтсам, ЛГБТ-ға қатысты кез келген әңгімені сексуалдық артықшылықтармен байланыстыру дұрыс емес болар. Олардың өз елінің толық азаматы болу құқығы мен басқалармен бірдей тең құқыққа ие болуы туралы айту керек. Соның ішінде ойын еркін білдіру құқығын да.
Сұхбат алған Айнұр САПАРОВА