Атырау, 20 сәуір 17:25
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Егістік суы қымбат-ақ

3 693 просмотра

Image 0Индерлік егіншілердің басы қатып отыр. Бұған себеп - үкіметтен берілетін субсидия көлемі төмендеп, егістікке пайдаланылатын суға алдын ала төлемақының енгізілуі. Бұдан соң егіншілер көктемгі егістікке қам жасауға қалай бірден кірісіп кетсін?..

Бұған дейін климат ерекшелігі ескеріліп, атыраулық диқаншыларға 1 текше метр су үшін 80 пайыз субсидия мөлшері төленіп келген болатын. Ал қалған 20 пайызын олар өз ақшалары есебінен төлеп келді. Бірақ өткен жылдың маусымында ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге су беру бойынша субсидиялау құнының жаңа Ережелері бекітіліп, енді субсидиялар тек 50 пайыз шығынды жабатын болады.

20 пайыз төлемақыны әзер төлеп отырған егіншілер үшін бұл үлкен соққы болып тиді. Оның үстіне «ҚазСуШар» РМК жеткізілетін су үшін алдын ала төлемақыны 100 пайыз төлеуді талап ете бастаған.

– «ҚазСуШар» РМК-ның Индер филиалы суды Жайық өзенінен каналдарға айдайды. Каналдардағы суды біз өз насостарымызбен егіс алқабына жеткіземіз. Бұл да аз шығын емес, - дейді диқаншылар. – Оның үстіне су жеткізу тарифі бізде 1 текше метрге 13,350 теңге. Ал оңтүстік облыстарда 0,173-1,821 теңге ғана!

Бізге «ҚазСуШар» РМК директорының орынбасары Салауат САРИН хабарлағандай, өткен жылы Индер ауданының шаруа қожалықтары 245,9 га суармалы егістікке 1 млн 774 мың текше метр су алған. Алған субсидия көлемі 18 млн 921 мың теңге. Бірақ, барлық шаруа қожалықтары суға бережақтарынан әлі құтылған жоқ. «Алға-1» ШҚ 2 млн 23 мың теңге, «Испусинов» ШҚ 1 млн 313 мың теңге, «Нұрғалиев» ШҚ 409 мың теңге, «Любин» ШҚ 1 млн 291 мың теңге, «Есбол» ШҚ 37 мың теңге қарыз.

- Осы жылы «ҚазСуШар» РМК басшылығының тапсырмасы бойынша өткен жылғы суға бережақ төлемдерін төлемеген шаруа қожалықтарымен су беру туралы келісімшартқа отыруға тыйым салынған, - деп хабарлады С.Сарин. – Одан бөлек, 50 пайыз субсидияны алу үшін шаруа қожалықтары сумен қамту қызметі үшін ай сайын төлемақы төлеп отыруға тиіс.

Image 2«Әлихан» ШҚ төрағасы Талғат ЖИРЕНОВ (суретте) егін екпей жатып суға ақша сұраумен мүлде келіспейді.- Мен егіншілікпен 1979 жылдан бері айналысып келемін. Бірақ, бұл жолы бұрынғыдан да қиын болғалы тұр. Биыл егістік алқабын ұлғайтамын деп ойлағанмын. Енді бұл ойымнан бас тартуға тура келеді. Бау-бақша өнімдерімен қатар малыма қажетті шөп өсіретінмін. Шөп өсіруден гөрі оны сатып алу тиімді бұлай болса. Менде каналдан су айдайтын насосты қосу үшін жағармайға шығын көп кетеді. Енді 10 гектардың орнына 2 гектар егін екпекпін. Басқалай амал жоқ, - дейді Бөдене ауылының тұрғыны, «Тоқбай» ШҚ төрағасы Сағат САДЫҚОВ.

Биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге несие алған Аян ҒАЛЫМ бірінші рет диқаншылықты қолға алғанымен жүрексінетінін жасырмады.

- Менің алған несием түк болмайын деп тұр. Алқапты қоршау, уақытша баспана тұрғызу, жаңбырлатқыш агрегатын сатып алу, тұқым, жанармай шығындарын есептей келе қосымша екі млн теңге шыға-руым керек екен. Оның үстіне суға алдын ала төлемақы төлеу тағы тұр. Мен сонда несиемді қалай жабамын, білмеймін, - дейді ол.

Image 1Сағат САДЫҚОВ және Аян ҒАЛЫМ. Шарасыз күйге түскен дала диқандары енді үкіметке үміт артып отыр.

- Егіншілер атынан біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВКЕ хат жолдадық, - дейді Индер аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВ. – Себебі, бұл мәселені біз облыстық деңгейде шеше алмаймыз.

Махамбет ауданының шаруа қожалықтары да дәл осындай жағдайды бастан кешуде. Және олар субсидия көлемі өспейінше немесе алдын ала төлемді алмаған жағдайда егіс көлемі мен өнімнің азаятындығын алға тартуда. «Никита» ШҚ, «Сейтов К» ШҚ, «Феликс» ШҚ, «Райхан» ШҚ, «Шаукенов М» ШҚ, «Агрохолдинг з/п» ЖШС қазір қолдарын жинап, аудандық кәсіпкерлер палатасына шағымдарын дайындап жатыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.