Үш айдай уақыттан бері облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында (КБО) 17 жастағы қырғызстандық Айбек МУХУДИНОВ тұрып жатыр.
КБО директоры Ғалия БИЖАНОВАНЫҢ айтуынша, жасөспірімді өткен жылдың 5 желтоқсанында желілік полиция қызметкерлері жеткізген. Ол Ош қаласының тумасы екен, 5 жасында анасы Дильназ қайтыс болған. Айбектің әкесі Эргеш МУХУДИНОВ ұлын інісі Ұлықбек ЭРГЕШОВКЕ қалдырған.
– Айбек ағайымен Оштағы жалдамалы пәтерде 2011 жылға дейін тұрған. Содан кейін, оның айтуынша, ағайы Новосибирскіге табыс табуға кеткен, ал бұл жалғыз өзі қалыпты, - деп әңгімелейді Г.Бижанова. – 2011 жылы Айбек Қазақстанға келуді ұйғарады. Өйткені бұл жерден әжептәуір табыс табуға болады деп естіген екен.
Оның әңгімесі тұтас эпопея секілді. 2011 жылы 13 жасар жасөспірім шекарадан әлдеқалай өтіп, Таразға жеткен. Ол жерден Алматы облысына таксимен келіпті. Сол жерде Алғабас селосында пластик терезе дайындайтын кәсіпорынның күзетшісі болып жұмыс жасай бастаған. Бір жыл өткен соң «Горный гиганттағы» құрылысқа қара жұмысшы болып орналасқан. 2014 жылы Алғабасқа оралып, қайтадан күзетші болып жұмыс істеген. Кейін жалақы төлемеген соң жұмыстан кетіп қалған. Қаңғырудан шаршаған Айбек Алматыдағы «Жаңа жол» интернатына келеді. Бірақ оны құжаттарсыз қабылдамапты.
– Алматы облысында жұмыс жасай жүріп Айбек Атырауда жақсы табыс табуға болады деп естіген. Сондықтан да осы жерге келуді ұйғарыпты. 3 желтоқсанда Алматы-Атырау пойызына отырған, ал 5 желтоқсанда оны полицейлер ұстады. Жеке басын куәландыратын ешқандай құжаттары болмады. Өзі құжаттарым ешқашан болған жоқ дейді, - деді Г. Бижанова. – Бізге азыңқырап, жүдеген күйде түсті. Өте тұйық болды. Енді өз өзіне келді.
Онымен психолог жұмыс жасауда. Қазір Айбек ашылды – ол өте ақкөңіл, жылы шырайлы, шаруақор бала. Ол түскен бойда біз ҚР білім беру министрлігіне, СІМ-не, Қырғызстан Республикасына хабарлама жібердік. Айбектің туыстарын табу мақсатында және оның құжаттарын қалпына келтіру үшін сұранымдар жасалды. Бірақ әзірге жаңалықтар жоқ.
– Ол КБО-да қанша уақыт болуы мүмкін?
– Әрі кеткенде үш ай.
– Ал егер осы мерзімде оның туыстары табылмаса ше?
– Оны Алматы транзиттік КБО-ға жіберу туралы мәселе шешілетін болады. Рас, Айбектің өзі Қазақстанның ұнайтынын, осында қалғысы келетінін айтып отыр. Бұл мәселе мемлекетаралық деңгейде шешілуі тиіс. Ең болмағанда, оған азаматтығы жоқ тұлға мәртебесін беріп, кейін Қазақстан азаматтығын беретін шығар. Бірақ бұл туралы айту әлі ертерек. Біз әзірге оған немқұрайлы қарамайтын туыстары табылар деп үміттенеміз.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына Қырғызстан Республикасының елшілігінен ҚР-на ресми хат келіпті.
– Қырғызстан елшісі Эсенғұл ОМУРАЛИЕВ бізден Айбек МУХУДИНОВТІ Алматы қаласының КБО-ға ауыстыруға қолдау көрсетуді өтінді, - деп хабарлады Атырау КБО директоры Ғалия БИЖАНОВА. – Хатта туыстарының іздестіріліп жатқаны айтылған, ал Айбектің елшілік орналасқан Алматыға баруы осы процессті тездетер еді делінген. Қазір біз желілік полицияға тиісті хат жолдадық. Өйткені Айбектің ешқандай құжаты жоқ. Бүкіл ресми процедуралар реттелгеннен кейін Айбекті біздің педагогпен бірге оңтүстік астанаға жібереміз.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор