Атыраудың жеке секторындағы көптеген үй тұрғындары өткен жылдың мамырында жауған нөсердің және биылғы жылдың қаңтарында жауған қалың қардың салдарынан әлі арыла алмай келеді.
Новоселов көшесінде тұратын Светлана ЛЫЗЛОВА «Арнаулы автобазадан» үнемі вакуум шақыртуға мәжбүр. 18 қаңтардан бастап арнайы техника суды күн сайын шығарып тұрады, алайда оның азаятын түрі көрінбейді. Светлананың айтуынша, өткен жылдың мамырында оның үйін көп су басқан. Өйткені үйі аласа жерде орналасқан. Бүкіл жиһазды лақтыруға тура келген. Баға беруші компания баспанаға тигізілген зиян мөлшері – 382 мың теңге деп бағалаған. Алайда билік бар болғаны 50 мыңға купон беріпті, бұл ақшаға әйел тек гипсокартон ғана сатып ала алған. Ал қаңтардан бастап баспанасын қайта су басқан.
– Мен осы үйде 2010 жылдан бері тұрамын, осы уақыт бойына біз биліктен жаңа үйдің құрылысын бастауға рұқсат сұрадық. Өйткені біз ойпаң жерде тұрып жатырмыз – іргетасын биіктеу етіп жасағымыз келеді. Құрылыс салуға рұқсатты жақын арада ғана алдық. 2012 жылы да суға кеткен едік, су тобықтан келетін. Ал өткен жылдың мамырында үй түгелдей суға кетті, тек көшедегі суды тартып шығарғандықтан ғана аман қалдық. Қазір тек біздің үйден ғана күн сайын су шығарып жатыр. Бірақ су бәрібір толып қала береді. Осы туралы үш мәрте қалалық әкімдікке жаздым, прокуратураға да үйге тиесілі өтемақыға қатысты хат жолдадым, - деп әңгімелейді Светлана.
Өз кезегінде, қалалық әкімдіктегілер Светлананың материалдық зиянды өтеу туралы бүкіл форма бойынша белгілі бір мерзімде толтырылған тиісті өтінім бермегенін растап отыр. Алайда оның жағдайын ескере отырып, С.Лызловаға құрылыс материалдарын алу үшін демеушілік көмек көрсеткен.
Исатаев (бұрынғы Товарищеская) көшесінің бойындағы Қадырбек БАЗАРБАЕВТЫҢ үйі де осындай күйде. Сыз иісі кетпейді. Өзі үйдің ішінде етікпен жүреді, әйтпесе мүмкін емес. Алайда Қадырбек аға суды тартып шығарудан бас тартып отыр. Өйткені суды шығарған сайын, үйдің ішінде су көбейіп кететіндігіне сенімді. Мұның ғылыми түрде себебі бар екен. Оны облысымыздағы гидрогеология ардагері Едіге САБУРОВ айтып берді.
Біз онымен Бейбарыс даңғылы бойындағы проблемалы учаскеде кездестік. Бұл жерде еш ағаш өспейді. Себеп – жерасты суларының аномальды жоғары деңгейде болуы. Қалада мұндай учаскелер жетерлік.
– Бұл көшенің ең аласа участогы. Жерасты сулары өсімдік тамырларының деңгейінде орналасқан. Әрине, ағаштар батпаққа өспейді, сондықтан өліп қала береді. «Суды капиллярлы көтеру» деген түсінік бар, су бізде су айдыны деңгейінен 4 метрге дейін, ал сазды жерлерде 30 метрге дейін көтеріледі, - дейді Сабуров.
Аласа жерлерде орналасқан үй қожайындарының барлығында да осындай проблема болып отыр. Ал суды үнемі тартып шығару ағыстың ұлғаюына әкеледі де су одан сайын қарқынды түрде көбейе түседі.
Гидрогеолог бұдан шығатын жолды білер ме екен? Оның пікірінше, бізді тек тік дренаж ғана құтқара алады екен.
…Біз әңгімелескен кезде вакуумдер даңғыл жиегіндегі науалардан суды шығарып жатты. Алайда гидрогеолог кешке қарай оның іші қайтадан суға толатындығына сенімді. Бұдан шығатын бір жол – суды бұру деп есептейді Сабуров. Бұл учаскеде кәріз жүйесі жоқ, су тасығыштармен шығару ақылға сыймайды. Бұл жерден жеке су бұру немесе кәріздік жүйелерін салу қажет. Әрине, бұл қымбат тұрады. Алайда жерасты сулары сапасына әсер ететін жаңа жолдар салудан қымбат емес: қыста олар мұзға айналып, кеңейеді, астыңғы жағынан қысып, асфальт кедір-бұдыр болып қалады.
– Мамандардың көпшілігі Атыраудағы жерасты сулары деңгейін төмендетудің түрлі жолдарын ұсынды. Ленинградтық, мәскеулік және біздің қазақстандық ғалымдар келді. Бірақ олардың дренаждық жүйесі біздің жағдайда тиімсіз. Нәтижесінде гидрогеологиялық экспедицияның мамандар тобы мен біз тығыз байланыста жұмыс жасайтын басқа өңірдегі әріптестеріміз анағұрлым тиімді әдісі тік дренаж және суды үнемі тартып шығару деген тұжырымға келді. Бірақ бұл ұзақ, көп тер төгуді қажет ететін жұмыс. Оның нәтижелерін екі жылдан кейін ғана көре аламыз, - дейді Сабуров.
Өз ұсыныстарын ол қалалық әкімдікке жолдады. Ал әзірге бірнеше фирмалардың көмегімен өз жобасының нәтижелері қандай екенін іс жүзінде көру үшін ол пилотты режимде Бейбарыс даңғылы бойындағы учаскеде жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА