Биылдан бастап Премьер Лига командаларының қосалқы құрам командаларына өз чемпионаты – Екінші Лига құрылды. «Атырау» ФК-нің қосалқы командасының осы чемпионатқа қандай атаумен қатысатыны әзірге белгісіз. «Атырау» ФК футбол орталығының қай шәкірті осы жаңа командадағы орындардан үмітті? Бұл туралы «Атырау» ФК-ның жастар футболын дамыту бағдарламасының жетекшісі Қуаныш ҚАБДОЛОВ (суретте) әңгімелеп берді.
САЛҚЫНҚАНДЫ ТАЛАСБАЕВ
- Бүгінде «Атырау» ФК-ның футбол орталығында 12 жас ерекшелігі бойынша 600-ге жуық бала шұғылдануда. Өткен жылы 1997 ж.т. жастар оқуын аяқтады. 13 ойыншы «Атырау» ФК-ның қосалқы құрамында ойнау құқығына ие болды. Бұл топ бірнеше рет ел біріншілігінің жүлдегері атанған еді.
Осы жастағы футбол орталығының шәкірттері Руслан Мүфтолла, Рафаэль Оспанов, Ринат Жұматов, Валерий Андреев, Әбілмансұр Рашетов және Айболат Мақуов әр жылдары ҚР құрамасы сапында өнер көрсетті. Рашетов пен Мақуов үш жыл Бразилиядағы Футбол академиясында оқып келді. Қазір Мүфтолла мен Мақуов «Атырау» командасының негізгі құрамымен Анталияға оқу-жаттығу жиынына кетті.
Осы жас ерекшелік бойынша өткен жылғы ел біріншілігінде командамыз 17 ұжым арасында 12-орын алды. Бұл сәтсіздік ойыншылардың көпшілігінің қосалқы құрамдар арасындағы ҚР чемпионатына қатысуына байланысты болды (өткен маусымда «Атыраудың» қосалқы құрамы алтын медальға ие болды – М.С.). Бұл - «гол салғыш» ойыншылары көп, жақсы жаттыққан топ.
1998 ж.т. шәкірттер тобы да біріншілікте 12-орын алды. Биыл топ шәкірттері Әлішер Ақынов пен Наурызбек Жагоров U-19 жастар ұлттық құрамасына шақыртылды. Өткен жылы Жагоров ҚР құрамасы сапында да өнер көрсетті.
Осы жас ерекшелік командасы қаңтарда Санкт-Петербургте өткен FIFA-ның алғашқы вице-президенті В.А. Гранаткинді еске алу халықаралық турниріне қатысып, 8-орын алды. Жагоров та «Атыраудың» негізгі құрамымен Анталияға жаттығуға кетті.
Қазір осы ұжым еліміздегі футбол орталықтары мен Футбол академияларының жастар командалары арасында өтетін «Арман» республикалық турниріне дайындалып жатыр, бұл жарыс ақпанның аяғында Таразда өтеді. Тағы бір болашағынан зор үміт күттіретін ойыншымыз – Наурызбек Қалыбаев. Ол Ақынов және Жагоровпен бірге өткен жылдан бері қосалқы құрамда ойнайды. Қосалқы құрамға Райымбек Қуандықов пен Бекжан Бақытов та үмітті. Қосалқы құрамның аға жаттықтырушысы – бұрынғыша Тимур Үкібаев.
Футбол орталығының 1999 ж.т. шәкірттер командасы өткен жылғы ҚР біріншілігінде оныншы орын алды. Өткен жылдың қаңтар айында U-17 ҚР құрамасы сапында Грузияда болған оқу-жаттығу жиынына Ерасыл Аманжол, Алексей Блинов, Владимир Волкогонов және Ерхан Таласбаев қатысты. Содан кейін Е.Таласбаев пен Е. Аманжол ел құрамасы сапында ҚР президентінің кубогына қатысып, төртінші орын алды. Таласбаев Тәжікстан құрамасымен болған ойынның 90-минутында пенальтиден шешуші голды соғып, есте қалды.
Өткен жылы Е. Аманжол мен Е. Таласбаев ҚР құрамасы сапында Барселонада он күн болды, 99 мың көрермен сиятын атақты «Камп Ноу» стадионына барып, «Барселона» - «Атлетик» (Бильбао) матчын көрді. Екеуі де құрама сапында Исландияда өткен Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына қатысты. Өкінішке орай, құрамамыз өткізген үш ойында да жеңіліс тапты: алаң иелерінен 0:5, Грециядан 0:6 және Даниядан 1:4 есебімен ұтылды.
Өткен жылдың наурыз айында футбол орталығының осы жастағы командасы футбол орталықтары мен Академияларының жастар командалары арасында өткен «Жастар» республикалық турниріне қатысып, сегізінші орын алды. Е. Таласбаев 7 гол соғып, үздік сұрмерген атанды. Қазір Аманжол, Таласбаев, Блинов, Батырхан Орынбасаров «Атыраудың» қосалқы құрамымен бірге оқу-жаттығу жиынынан өтуде.
ЖАТТЫҒУ МЕН КИІМ ТЕГІН
- Футбол орталығының кіші жас топтары қандай жетістіктерге жетті?
- 2004 ж.т. шәкірттер тобы Оралда өткен П. Атоянды еске алуға арналған турнирде алтын жүлде алды. Саламат Молдашев үздік қорғаушы болса, Әлфарат Быршымбай сұрмерген атанды (11 гол). Ақтөбеде осы топ Валерий Крольді еске алу турнирінде екінші орын алды.
2005 ж.т. шәкірттер тобы Оралда өткен КСРО спорт шебері А.М. Ионкинді еске алуға арналған халықаралық турнирде екінші орын иеленді. Олар финалда Ақтөбе командасына жол берді. Мұқағали Паңгерей турнирдің үздік ойыншысы атанды.
- Қосалқы құрам ойыншылары ішінен басқа футбол клубтарына шақыртылғандар бар ма?
- Қуаныш Қалмұратов «Қайсар» (Талдықорған) командасымен бірге жиын өткізіп жатыр. Бауыржан Қасымов «Алтай» (Семей) командасында, Дәурен Мәжитов «Мақтаралда» (Жетісай), Бахтияр Габдоллин «Динамо» (Батуми) командасында сыннан өтіп жатыр. Бұл ойыншылардың қазіргі дайындықтары жақсы, олар сол командаларда қалатын шығар.
- Футбол орталығына бала жинауды жалғастырып жатырсыздар ма?
- Барлық жас ерекшеліктері бойынша іріктеу жүріп жатыр. Жоғары жас топтарында қатаң сынақ жүргізіледі, өйткені, бұл командалар ҚР біріншілігіне қатысады. Егер біз талантты баланы тапсақ, әрине, оны өзімізге аламыз. Ең бастысы, балалар қабілетті және тез үйренетін болуы керек. Жаттығулар тегін жүргізіледі және жаттығу, парадтық спорт костюмдері, жейде мен шолақ шалбарлар тегін беріледі.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті «Атырау» ФК ұсынды