Сауд Арабиясы Сирияға арнайы мақсаттағы қарулы жасақ жіберуге әзір, - деп мәлімдеді корольдіктің СІМ басшысы Адель аль-Джубейр. Бұдан бұрын Сауд биліктері Сириядағы жер үсті операциясын қолдауға әзір екендіктерін айтқан, деп хабарлайды ресейлік РБК агенттігі.
Сауд Арабиясының СІМ басшысы Адель аль-Джубейр қазір Сирияға ықтимал жер үсті операциясын жасау мәселесі талқылануда екенін мәлімдеді, деп хабарлады Reuters агенттігі. Олардың айтуынша, Сауд Арабиясы «Ислам мемлекетімен» күресу үшін арнайы жасақ жіберуге әзір.
«ДАИШ-қа қарсы АҚШ басқаратын каолиция Сирияға жер үсті операциясын жүргізгені туралы мәселе айналасында пікірталас жүріп жатыр. Сауд Арабиясы да мұндай операция мақұлданса, өз арнайы жасағын жіберуге әзір екендігін хабарлады», - деді министр.
Сауд Арабиясының мәлімдемесі Дамаскінің ашу-ызасын тудырды. Сирия вице-премьері мен СІМ басшысы Валид Муаллем Сирия аумағына күшпен кіретін шетел агрессорлары отанына «табытпен» қайтатын болады деп мәлімдеді.
Кейін The Guardian газеті Эр-Рияд дереккөздеріне сілтеме жасап, Сауд Арабиясы түрік әскерімен бірлесе әрекет ететін бірнеше мыңдаған арнайы жасақтар террорға қарсы операцияға қатысу үшін жіберілетінін жазды.
Дереккөз: ҚазАқпарат