Жаһандық экономиканың құлдырауына қарай дамыған мемлекеттердің қор индекстері де нашарлап барады.
Биылғы ақпанның басы нарықтың қатысушылары мен инвесторларының арасында көп күмән тудырды. Қаңтар айында АҚШ пен Еуропадағы қор индекстері төмендей бастағаннан бері көрсеткіштер көңіл көншітпеді. Бірқатар индекс талай жылдар қайталанбаған ең төменгі дәрежеге дейін құлдырады.
Дүйсенбі күні, 8 ақпанда АҚШ пен ЕО биржалық алаңдардың басым бөлігінде индекстер 2-ден 4% дейін төмендеген. Мәселен, германиялық DAX 30 бірден 3,3% төмендеп, 8 979 орынға жылжыды.
Сонымен қатар, немістердің ең ірі банктер көшінің басында келе жатқан Deutsche Bank пен Commerzbank акциялары 10,2-8,6% құлдырады.
Өзге еуропалық индекстер бұдан да ауыр соққыдан жығылды. Мәселен, британдық FTSE 100 дүйсенбі күнгі сауда-саттық соңында 2,7%, 5 689 орынға төмендеді. Франциялық CAC 40 индексі 3,2%, 4 066 орынға жылжыды. Испаниялық IBEX 35, Итальялық FTSE MIB 4,4% және 4,6%-ға құлады.
АҚШ-тың қор алаңдарында да жағдай қиындаған. Мәселен, Dow Jones Industrial Average 2,4%-ға төмендеп, 15 822 орынға табан тіреген.
Сарапшылардың пайымдауынша, жаһандық экономиканың тұрақсыздығы аталмыш үдеріске басты түрткі болып отыр.
Дереккөз:
bnews.kzbnews.kz
9 ақпан 2016, 10:02