Ресейдің НАТО-дағы елшісі Александр Грушко. Ресейдің НАТО-дағы елшісі Александр Грушко Мәскеу альянстың әскерін Ресей шекарасына жақындата отырып күшейтуіне жауап қататынын ескертті.
"Мен НАТО-дағылар альянстың шекарамыздың бойымен әскери әлеуетін арттыруы әскери-техникалық тұрғыдан жауапсыз қалмайтынын түсінеді деп ойлаймын" деді Грушко 8 ақпанда "Россия-24" телеарнасына берген сұхбатында.
Ол Ресей өзінің қауіпсіздікке қатысты мүдделеріне келгенде "ымыраға бармайтынын" білдіргенімен, Кремльдің нақты қандай қадам жасайтынын айтпады.
Ресей мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынас Украина дағдарысына байланысты шиеленіскен соң, АҚШ пен НАТО елдері Орталық және Шығыс Еуропаға қосымша әскер мен әскери техника орналастырып, жаттығулар өткізе бастаған.
Пентагон таяуда Еуропада "Ресей басқыншылығына" қарсы әскери әлеуетін күшейтуге бөлінетін қаржыны төрт есеге көбейтуді сұраған.
Мәскеу бұған дейін НАТО-ның Шығыс Еуропадағы жаттығуларын "қауіпсіздікке төнген қатер" деп бағалаған.
Грушко "НАТО-ның Ауғанстандағы есірткімен күрес полицейлерін бірлесіп жаттықтыру сияқты ортақ мүдде салаларында Ресеймен қарым-қатынасын үзу арқылы өз аяғын өзі тұсағанын" айтты. Оның сөзінше, Ауғанстандағы есірткімен күрес мәселесі Ресей мен Еуропаның қауіпсіздігіне бірдей қатер төндіреді.
Дереккөз: Азаттық радиосы