Атырау, 14 мамыр 01:16
 ашықВ Атырау +15
$ 440.92
€ 475.36
₽ 4.82

​Жолы болмаған ықшамаудан

2 075 просмотра

Image 0Құлсары қаласындағы «Алтыншы ауыл» ықшамауданының тұрғындарына жолдың жайсыздығы қиындық туғызып отыр. Жолдың жоқтығынан басқа мұнда көше жарығы да, қоғамдық көлік те жоқ.

Ықшамауданда 300-ден астам үй тұрады. Мұнда айналма екі жол бар, оның біреуі ғана асфальтталған. Бірақ жаяу жүргіншілер жолын салу ешкімнің ойына келмеген.

- Лайсаң күндері, қалың қар жауғанда көлік жолымен жүруге тура келеді. Себебі, балшыққа батып қаламыз. Жол бойында жылдамдықты тежейтін белгі жоқ. Біз жүйткіген көлік ағынына өте жақын жүреміз, - дейді Жұмазия ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, Фархад ИБАДУЛЛАЕВ, Есет ӘСЕМҒАЛИЕВ, Оразбек БЕКМАҒАМБЕТОВ есімді тұрғындар.

Таксишілер бұл жаққа келуден бас тартады. Ал, жедел жәрдем көлігі бара да алмайды.

- Жедел жәрдем көлігі көше ішіне кіре алмайтындықтан көлік жолына дейін өзіміз, кем дегенде, бір шақырым жаяу жүріп барамыз. Жолға, ең болмаса, қиыршық тас төсегендерін сұрадық, ол да орындалмады. Әрине, бұл жақтың жолымен әкімдер жүрмейді. Орталыққа жету үшін үш шақырым жаяу жүруге тура келеді, - дейді Света КЕРЕЕВА, Болатбек ЕРМАҒАМБЕТОВ, Жамал БЕКҚҰЛОВА есімді тұрғындар.

Көшеде жарық жоқ. Тас-талқаны шыққан ескі моншаға (суретте) қаланың ішкіштері арақ ішуге жиналады. Қаңғыбас иттер де өріп жүр. Ал, бұл кешке қарай мектептен қайтқан балалар үшін қауіпті.

- Біз осы мұңымызды округіміздің депутатына айтайық десек, оның кім екенін де білмейміз. Осы жағдайымызды жазып, аудан, қала әкімдігіне 2014 жылы арыз түсіргенбіз. Бірақ осы кезге дейін тұшымды жауап ала алмадық, - дейді тұрғындар.

Біз Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Еркебұлан АҚҚҰСОВТАН жағдайға түсінік беруді сұрадық:

-«Алтыншы ауыл» тұрғындарының жай-жапсарын жақсы білеміз. Жарықтандыру мәселесін шешу үшін жобалау-сметалық құжаты жасақталып бола келді. Енді соған орай қаржы сұратамыз. Ал, Әжіғалиев көшесіне жылдамдықты тежейтін белгі қою сұранысқа орай шешіледі. Бұл күрделі мәселе емес. Ал, моншаны бұздыртуды қолға алмақпыз. «Алтыншы ауыл» бағытына №7 маршрут жүреді, бірақ ықшамауданның ішіне жол жоқ болғандықтан кіре алмайды. Оның үстіне маршрут өзін ақтамағандықтан үнемі бола бермейді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА




4 ақпан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.