Фото: Global Look PressТанымал жаттықтырушы Хосеп Гвардиола Еуропадағы 2015-2016 жылғы футбол маусымы аяқталған соң Англияның «Манчестер Сити» клубын жаттықтыратын болды.
Бейресми ақпарат құралдарына сүйенсек, клуб пен жаттықтырушы үшжылдық келісімшарт бойынша жұмыс жасайды. Ал қазіргі клубтың жаттықтырушысы Мануэль Пеллегрини болса бұл ақпаратты бір ай бұрын естіген екен. Бүгінде оның командасы премьер-лигада ХХІІІ турдан кейін 44 ұпаймен екінші орында келеді.
Хосеп Гвардиола да бүгінде жұмыссыз жүрген жоқ. Мюнхендік «Баварияны» жаттықтырып келеді. Алайда неміс ұжымы мен испан маманы маусым соңынан кейін әріптестік қызметтерін жалғастыруды қаламаған. Ендігі маусымнан бастап мюнхендік клубты Карло Анчелотти жаттықтыратын болады.
Испан жаттықтырушысы манчестерлік клубқа қандай ойыншылардың керек екені туралы құлаққағыс жасап үлгерген де көрінеді. Ол «Манчестер Ситиге» Тьяго Алькантара мен Леруа Саненің ауысқанын қалап отыр. Сондай-ақ, Хосеп Гвардиола келген соң клубтан Яя Туре, Гаэль Клиши, Вильфред Бони, Александр Коларов, Хесус Навас, Фернандо, Самир Насри сынды ойыншылар кетуі мүмкін.
Дереккөз: massaget.kz