Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ дүниежүзілік математикалық байқаудың кішкентай жеңімпаздарын құттықтады.
Қазақстандық команда құрамындағы әрбір атыраулық оқушы Нью-Делиден жүлделі кубок әкелді. Канададан бастап Қытайға дейінгі 25 елдің ментальды математика мектебінен 12 мың шәкірт қатысқан байқау желтоқсанда өткен болатын. Малайзиялық профессор Дино ВОНГ негізін қалаған мектепке жиырма жылдан астам уақыт болып, оның шәкірттерінің сайысы жыл сайын түрлі елдерде өтіп тұрса да, мұндай ауқымды ақыл-ой ойынына 5-тен 10 жасқа дейінгі қазақстандықтар алғаш рет қатысып отыр. Қазақстанға бұл 2011 жылы келген еді, төрт жылдан кейін басқа қатысушылармен бірге қазақстандықтар өз күштерін сынауға алғашқы шақыртуды алды. Сөйтіп, өз нұсқаушыларының үмітін ақтады. Қазақстандық балалар өз жас ерекшеліктері мен деңгейлері бойынша 5 бірінші орынды қанжығаларына байлады. Олардың бірі атыраулық қатысушы Назерке АЙНЕКОВАҒА бұйырды.
- Қатысушылар санының көптігі сондай, оларды жастары мен санаттары бойынша ағымға бөледі. Осылайша, бір уақытта Дели университетінің ауқымды аудиториясына 2000 қатысушы кіре алады, - деп түсіндіреді Ментальды математика мектебі Атырау филиалының жетекшісі Арайлым МҰСТАФИНА. - Яғни, нәтижелер де осы қатысушылар саны бойынша қойылады. Сол санатта біздің шәкіртіміз Батырхан Шеруен екінші орын алды. Атыраулық тағы бес бала - Арман Зайтов, Алидар Байнекеев, Әмір Асланов, Мансұр Сабырұлы, Гүлнұр Сұлтанова – үшінші орынның кубоктарын әкелсе, екі оқушы - Бейбарыс Нұрланұлы мен Асылжан Маханов – доктор Дино Вонгтың жеке ынталандыру кубоктарын алды. Бұл жетістіктерге әдістеменің ғана емес, ең алдымен күн сайын үйлерінде балаларының оқуын қадағалайтын ата-аналардың еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Мен өз балаларына сенім білдіретін, вундеркинд болып қалыптасатындығына сенетін ата-аналарға алғыс айтқым келеді.
Қала әкімі ондықтар мен жүздіктерді ептілікпен ойша шегеріп, көбейтіп, бөле алатын 5-7 жастағы балалардың дағдыларына қатты қайран қалды. Атыраулық балалардың Үндістанға барып, табыспен оралғандығын өз көмекшілерінен білген екен. Жеке кездескісі келіп, ақыры өз кестесінен уақыт таба алды. Ал балалар оған нағыз баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Оларды оның қалай қала әкімі болғаны, мектепте қандай баға алғаны және оның анасының есімі кім екені қызықтырды. Әкім ментальдық есептеуді үйрену мүмкіндігі көптеген балалар үшін қолжетімді болу керек деп есептеп, жанындағы облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА мен қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВАҒА бюджет есебінен аз қамтылған отбасының дарынды балаларын оқыту жолын қарастыруды өтінді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА