«Атырау» ФК үш жаңа ойыншымен келісімшарт жасап, біреуін ұзартты.
«Атырау» ФК баспасөз қызметі хабарлағандай, 31 жастағы Алексей МУЛДАРОВПЕН келісімшарт жасалған. Ол Владикавказ футболының шәкірті, орталық қорғаушы болып ойнайды. Ресейде 2-лига клубында және Саранскінің «Мордовиясында» ойнаған. Ал 2013 жылы Қазақстанға келіп, «Ақтөбемен» шарт жасасқан. Өткен маусымның алғашқы бөлігінде «Қайсарда», содан кейін «Шахтерде» ойнаған. Қазақстан чемпионатында 69 матчқа қатысып, 3 гол соққан.
Сондай-ақ, 28 жастағы украи-налық жартылай қорғаушы Вячеслав ШАРПАР да ақ-жасыл жейде киді. Оның соңғы клубы «Волынь» болды, бұған дейін «Таврия» (Симферополь), «Илъичёвец (Мариуполь), «Металлист» (Харьков) және басқа да Украинаның жоғары лига командаларында ойнаған. 122 матч өткізіп, 11 гол соғып, 5 голдық пас берген. Команданың тағы бір жаңа ойыншысы, 27 жастағы шабуылдаушы жартылай қорғаушы Павел ШАБАЛИН өткен жылы «Ақтөбе» мен «Оқжетпес» намысын қорғаған, ал, бұған дейін «Ертісте» ойнаған. Ол 2012-2013 жылдары Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында үш ойын өткізген.
Сонымен қатар, украиналық футболшы Владимир АРЖА-НОВТЫҢ келісімшарты ұзартылды. Өткен маусымда Аржанов «Атырау» командасы құрамында гол+пас жүйесі бойынша 11 балл жинап (5 гол, 6 голдық пас), үздік атанды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді «Атырау» ФК баспасөз қызметі ұсынды