«Атырау Барыстары» баскетболдан облыстың жасөспірімдер құрамасы (2000 ж.т.) жаңажылдық мерекелерін сыртта өткізді. 26 желтоқсаннан 20 қаңтарға дейін команда үш турнирге қатысып, Латвияның Кандава қаласының Кубогымен оралды.
Бұл туралы облыстың аға жаттықтырушысы Саламат ТОРҒАЕВ (суретте) хабарлады.
ЖАҢА ЖЫЛДЫ ЛАТВИЯДА ҚАРСЫ АЛДЫҚ
- Біздің турнеміз Литваның Каунас қаласында 2015 жылдың соңғы күндерінде өткен атақты баскетболшы Арвидас Сабонис кубогынан басталды. «Барыстар» екі кездесуде ұтып, екеуінде жеңіліс тапты. «Қола» жүлде үшін болған матчта жерлестеріміз «Рига» командасымен кездесіп, 4 ұпай айырмашылығымен ұтылып қалды. Олег Балашов пен Ерғанат Қайрошев жақсы ойындарымен көзге түсті.
Жаңа жылды балалар Латвияның әдемі, көне қаласы Кандавада қарсы алды. Бұл қалада Литва, Латвия және Эстония командаларының қатысуымен Қала кубогы өтті. Сегіз команда екі топқа бөлінді.
Топтағы ойындар қорытындысы бойынша «Барыстар» бірінші орын алды. Жартылай финалда латвиялық «Салдусты» 35 ұпай айырмашылығымен ойсырата ұтты. Таллиннің «Олдентисімен» болған финалдық матчта «Барыстар» алғашқы екі ширекте ұтылып жатқанымен, үшінші ширекте есепті теңестіріп, соңғы ширекте 12 ұпай айырмасымен жеңісті жұлып алды. Турнирдің ең пайдалы ойыншысы атағын біздің Марат Әділхан иеленсе, Мерей Уәпов финалдың үздік ойыншысы атанды.
Содан кейін команда Венгрияның Золнок қаласында өткен Еуропа Лигасының (U-16) финалдық турына барды. Біз екі венгриялық және бір сербиялық команданы ірі есеппен ұттық, ал, словактардан 2 ұпай айырмасымен ғана жеңіліп қалдық. Қорытындысында төртінші орын алдық, өткен жылдың қараша айында өткен Еуропа Лигасының бірінші турындағы үш жеңіліс осындай кері әсерін тигізді.
Жаңажылдық турненің қорытындысы – Кандава қаласының кубогы мен екі төртінші орын. «Атырау Барыстары» баскетбол академиясы басшылығы команданың осы нәтижелеріне жоғары баға берді.
«ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ БОЙ ЕМЕС»
- 2015 жылдың спорттық қорытындылары қалай?
- Өткен жылы Астраханда Каспий маңы мемлекеттерінің жасөспірімдер командалары арасында Каспий лигасы чемпионаты өтті. «Барыстар» турнирде барлық командаларды ұтып, жеңімпаз атанды. «Барыстар» ойыншысы Нұртас Телеубаев турнирдің үздік ойыншысы атанды.
Сонымен қатар, команда 1999 ж.т. жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының күміс медалін иеленді. Чемпионаттың бірінші туры сәуір айында Лисаковскіде өтті. Мұнда «Барыстар» барлық жеті матчта да жеңіске жетті. Қараша айында Шымкентте өткен соңғы турда командамыз алты матчта жеңіске жетіп, алаң иелерінен ғана ұтылып қалды. «Барыстардың» қатарынан Иван Добриков үздік атанды.
- Ойыншыларыңыздың барлығы іріктелгендей, ұзын бойлы екен.
- Неге? Менің ойыншыларымның бойы әр түрлі. Баскетболда ұзын бойлы болу ең басты шарт емес. Бұдан үш жыл бұрын мен әр мектептен осы балаларды жинағанда барлығының бойлары бірдей еді. Қазір баскетболдың әсерінен кейбір балалар екі метрге жақындады. Қазір командадағы ең ұзын ойыншымыз Ілияс Нағимов –
- Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?
- Ақпанда Астраханда кезекті Каспий лигасы чемпионаты басталады. Сонымен қатар, барлық жас ерекшелігі бойынша кезекті ел чемпионатының ойындары да өтеді. Облыстық спорт басқармасы, «Атырау Барыстары» баскетбол клубының басшыларына Баскетбол академиясын құрғандары үшін алғыс айтқым келеді. Жаттығу жасау жағдайлары, құрал-саймандармен, спорттық киіммен қамтамасыз ету жақсарды, жарыстарға бара бастадық.
Суретті түсірген автор және С. Торғаев
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ