Атырау, 2 мамыр 04:20
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

​Туу туралы куәлікті Ресейден алады

2 072 просмотра

Image 0Жерлесіміз Наталья Щучкина қиын жағдайда қалды. Бірнеше жыл бұрын ол Ресейге оқуға аттанып, сол жаққа тұрмысқа шығып, сол елдің азаматтығын алған. Күйеуі де Ресей азаматы. Бірақ туыстарынан жырақта өмір сүру оңай тимей, Наталья отбасымен Атырауға оралуды ұйғарады.

Мекендеу қағазын алып, 2015 жылдың басында босанған. Ал 1 жасқа дейінгі баласына күтім жасау жәрдемақысын ресімдегісі келген кезде баланың туу туралы куәлігіне ЖСН қойылмағаны анықталды. Ал жеке сәйкестендіру нөмірінсіз Қазақстанда қандай да болмасын қызметке ие болу мүмкін емес.

- Содан бері қарай тұйық шеңберді айналып жүрмін: төлем орталығы АХАТ-қа жібереді, олар салық қызметіне, ондағылар әділет басқармасына, ал әділет басқармасы қайтадан салық қызметіне жібереді. Мекендеу қағазын алғаннан кейін бәрі шешіледі деп үміттендірген еді. Желтоқсанда мекендеу қағазын алдым, бірақ бәрібір балама ЖСН берілмеді. Енді не істеймін? – деп уайымдайды Наталья.

Бұл шынымен де қиын мәселе болып шықты. 1 жасқа дейінгі балаға берілетін жәрдемақының екі түрі бар екені белгілі. Бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға (яғни, жұмыс берушісі әлеуметтік жарналар төлейтін жұмыс жасайтын аналарға) тағайындалатын әлеуметтік төлем. Төлемақы тағайындау үшін ата-аналар мекенжайы бойынша Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына (МЗТО ) жүгінеді.

Ал, жәрдемақының екінші түрі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмайтындарға төленеді. Олар халықты әлеуметтік қорғау органдарында тағайындалады. Бала күтімі бойынша жәрдемақы мөлшері: бірінші балаға – 5,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК); екінші балаға – 6,5 АЕК; үшіншісіне – 7,5 АЕК, төртіншісіне және одан көп болса – 8,5 АЕК.

Наталья жәрдемақының осы түрін айтып отыр. Бала туғанға дейін ресми түрде ол жұмыс жасамаған, сондықтан әлеуметтік төлемақы ала алмайды. Бұл жәрдемақыны алу үшін өтініш жазып, оған баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін, жеке басын анықтайтын құжаттың көшірмесін, отбасының мекенжайын растайтын құжаттың көшірмесін жалғауы керек. Осы құжаттардың барлығы Натальяда бар, бірақ ұлының туу туралы куәлігінде ЖСН жоқ.

Біз алдымен туу туралы куәлік беретін АХАТ-қа хабарластық. Олар ата-аналары шетелдік болып табылатын балаларға ЖСН берілмейтінін бірден айтты. Шетелдіктердің балаларының туылуын мемлекеттік тіркеу олардың қалауымен жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға енгізілмей және балаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілмей тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайы бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.

ІІБ көші-қон полициясы бастығының орынбасары Болат ДОСҚАЛИЕВ ЖСН ресімдеумен олардың мекемесі айналыспайтынын мәлімдеп, бізді шетелдік азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірін беретін салық басқармасына жолдады.

- ҚР резиденті емес азаматқа ЖСН беру үшін ол резидент болып табылатын ел берген төлқұжат немесе туу туралы куәлік қажет болады. Бала Қазақстанда туғанмен, оның ата-анасы – Ресей Федерациясының азаматтары, тиісінше ол да сол елдің азаматы болады. Сондықтан электронды жүйе автоматты түрде ЖСН беруден бас тартады, - дейді Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Тұрлыбек ҒАЙСИН. – ЖСН алу үшін ол резиденті болып табылатын мемлекеттің төлқұжатын немесе туу туралы куәлігін алу керек. Сол кезде ресейлік құжаттың негізінде оған ЖСН беріледі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.