Атырау, 27 сәуір 16:29
 ашықВ Атырау +20
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

ТШО бас директоры: «Бізде қысқарту бола ма? Бұл жаңсақ ақпарат»

3 838 просмотра

Image 0«Теңізшевройл» ЖШС бас директорыТэд ЭТЧИСОНБейресми дереккөздердің мәліметтері бойынша, ТШО тікелей келісімшарттағы қызметкерлердің 30 пайызына қысқарту болатыны туралы мәлімдеген.

ҚҰПИЯ САН

Іс жүзінде осылай ма? Бұл сұрақты ТШО-ның конференц-залында өткен Равиль ШЫРДАБАЕВТЫҢ «Каспий» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысқан «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тэд ЭТЧИСОНҒА жолдадық:

- Олай емес, - деп жауап берді ол.

- Демек, қысқарту болмай ма?

- Болжамай-ақ қояйық, біздің негізгі міндетіміз - өндірісті басқарып, мұнай өндіруді арттыру, - деп жылпос жауап берді Этчисон мырза.

Қазіргі баға құлдыраған кезеңде дүние жүзі бойынша мұнай өндіруші компаниялар шығындарды азайту бағдарламасын енгізген. Алайда мұнайшылар егер баррельдің бағасы кеніштегі мұнай өндірудің өзіндік құнына жақындаса ғана, қызметкерлерді қысқарту секілді мұндай соңғы шараға баруы мүмкін. Мен Этчисон мырзадан Теңіз мұнайын өндірудің өзіндік құнын атауды өтіндім. Бірақ өзінің шефіне ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ көмекке келіп үлгерді.

- Жоқ, біз қазір мұндай жауап бере алмаймыз, - деп кесіп айтты ол.

Ал біздің инсайдер дереккөздеріміз бойынша, ТШО-да қысқарту болады деп күтілуде. Және ол үш кезеңмен жүргізіледі екен. бізге айтылғандай, алдымен контракт бойынша жұмыс жасап жатқан шетелдік мамандарды қысқартады. Егер осыдан кейін ахуал жақсармаса, зейнеткерлік жастағы қызметкерлерді қысқартады. Үшінші кезекте мердігер компанияның қызметкерлеріне қысқарту жүргізіледі.

ЖОСПАРЛАҒАННАН АЗ БОСАТЫЛДЫ

Ресми цифрларға келер болсақ, Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері бойынша, биылғы жылдың басында түрлі кәсіпорындардан жалпы 1 912 қызметкерді қысқарту туралы хабарлама келіп түскен. Алайда, осы басқарманың жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 9 кәсіпорында, соның ішінде, «Атырау Интергаз Орталық Азия» АҚ магистралды газ құбыры басқармасында, «Синопек Инжиниринг» (АМӨЗ жобасында жұмыс жасайтын 36 адам) қазақстандық филиалында, «Ойл Трансгрунт» ЖШС-де тек 226 адам ғана босатылған.

- Қалған 1 686 адам жұмыс істеуді жалғастыруда, олар босатылмайды – кәсіпорын сақтық шараларын жасап отыр, - дейді Аманғалиева.

«ҚазМұнайГаз Бұрғылау БК» ЖШС, «ҚМГ Секьюрити» ЖШС, АМӨЗ, «Келлог Браун» компаниясының Атырау филиалы (сервистік компания, мердігері НСОС) көп қызметкерді босатуды жоспарлаған.

Алайда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері бойынша бүгінгі күні сол жерлерде бүкіл орындар сақталған.

- Мәселен, АМӨЗ-дегі құрылымдарды оңтайландыруға байланысты қызметкерлерді қысқарту болған жоқ, тек олардың кейбірі басқа қолданыстағы цехтарға ауыстырылды. «ҚазМұнайГаз Бұрғылауда» кәсіпорынның атауы өзгертілді, алайда қазір бүкіл қызметкермен жаңа еңбек қатынастары жасалды, - деп комментарий берді Аманғалиева.

Ақпанда 15 кәсіпорында 284 адамды босату жоспарланып отыр. Мәселен, «Денхолм Жолдас» ЖШС 52 адамның қысқартылатыны туралы хабарлама жолдады. Сондай-ақ, «Гелиос» ЖШС, KLC ЖШС, «Атырау электроник» ЖШС, «Болат жол» ЖШС, «ПромстройЭнерго» ЖШС АФ және басқалар да қысқарту туралы хабарламалар жолдады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

26 қаңтар 2016, 13:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.