Қазақтар тек осы итті ғана үйге кіргізеді екен; ашаршылық жылдары осы иттер тұтас бір ауылды асыраған; жігіттің жеті қазынасының бірі – мұның барлығы қазақ тазысы туралы айтылған.
ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ТЕКСЕРУДЕН БАСТАЛДЫ
16 қаңтарда Махамбет ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінің аумағында Атырау облысындағы тазы иттердің тұқымын тексеру шарасы өтті. Сынақтарды «Облыстық аңшылық итбегілер клубы» ҚБ ұйымдастырды.
Бұдан бес жыл бұрын Атырауда бірде-бір тазы болған жоқ. Бұл жерде тазы деп асырап жүрген иттердің қанында іс жүзінде қазақ тазысының ерекше гендері қалмаған да еді. Осы кезде облысымызда тазылардың өсімін қалпына келтіруді қолға алған екі ерікті табылды.
Арман НҰРЫМОВ Павлодардан екі асыл тұқымды тазы әкеліп, ветеринарға қаратады. Жануарлар дәрігері де қазақы иттердің үлкен жанкүйері екен. Бұл – Серік ХАЛМЕНОВ, оның да Ресейден әкелген екі асыл тұқымды тазысы болатын. Жігіттер дос болып, аңшылық итебегілер клубын құрды. Бүгінде Серік «Облыстық аңшылық итбегілер клубы» ҚБ төрағасы.
Атырау қ. тұрғыны Айдынбек Бегалиев тазыларымен бірге. - Асыл тұқымды жануарлармен жұмыстағы ең басты қағида – облысымыздағы қолда бар және әкелінген иттерді қан араласпас үшін міндетті түрде тіркеу. Сондықтан да біз басқа өңірлердегі әріптестерімізбен байланысты нығайтып, интернет арқылы хат алмасып тұрамыз. Осының арқасында облысымыздағы асыл тұқымды тазылардың саны 30-ға дейін өсті, - дейді С. Халменов.
- Осы тұқымдық тексеру шарасы Атырау қаласы, Махамбет, Мақат, Мұқыр және Индердегі белсенді жігіттердің арқасында өтті. Қатарымыз әлі көбейеді деп үміттенеміз, - дейді А. Нұрымов. – Жалпы, Атырау облысында тазылар іс жүзінде 30-дан көп. Мұны асыл тұқымды иттерді шағылыстыру үшін ұрлап, күшік сату (қара нарықта тазының еркек жынысты күшігі 500 доллар, ұрғашысы – 300) қылмыстарымен түсіндіруге болады. Бұл бизнесте бір-біріне туыс жануарларды шағылыстырып, нәтижесінде тұқымдық аурулары бар күшіктерді дүниеге әкелетін келеңсіздіктер болады.
Итбегілер үшін тұқымдық тексеру өте пайдалы болды. Көпшілігі өздерін мазалап жүрген тамақтандыру, жұмыс сапаларын дамыту, жануралардың психологиясы және қолға үйрету мәселелері бойынша сұрақтарына жауап тапты.
АҚЫЛДЫ ДА ӨЖЕТ ИТТЕР
«Тірі аңыз» Қазақстанның ұлттық ит тұқымдарын сақтау қорының сарапшысы Камила ЕЛЕУСІЗОВА (суретте) былай дейді:
- Біз сәуір айында Белгияда өтетін Халықаралық кинологиялық ұйым (FCI) отырысында «қазақ тазысы» тұқымын бекітетін боламыз. Менің осы жерге келуім де соған байланысты. Бұған дейін біз Қазақстандағы мың иттің құжаттарын, сипаттамасын, суреттерін жинауымыз керек. Осы мақсатта біз өңірлердегі кинологиялық ұйымдарға хабарласқан болатынбыз, сіздердің «Облыстық аңшылық итбегілер клубы» алғашқылардың бірі болып келісті.
Бүгінде бізде Қазақстандағы 700 тазының деректері бар. Өкінішке орай, ит иелері белсенді емес, атадан қалған мұраны сақтау үшін жүрміз ғой.
Атыраудағы тексеруге 23 тазы әкелінді. Беретін бағам – жаман емес, бір текті. Бұл клубтың селекциялық жұмысты сауатты жүргізгенінің арқасы.
- Нағыз тазы қандай болады?
- Тазыларды көбіне араб тазысы – салюкалармен шатастырады. Алайда тазылардың басы ірі, кеудесінің жоғары жағының көлемі үлкен, төмен жағы жіңішке болады, бұл жүгіріс жылдамдығын тез арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, жауырыны тік, желкесі шығыңқы. Салюкалардың құйрығы ұзын болса, тазыларда артқы санынан аспайды.
- Тазымен қандай аң аулауға болады?
- Барлық жабайы жануарларды аулауға болады. Қасқырды қуып жетіп, тоқтатып, аңшы келгенше ұстап тұрады. Тазы өте ақылды ит, оның өзін-өзі сақтау сезімдері жақсы дамыған. Дегенмен өте өжет. Тазы мен төбет – қазақ даласындағы қасқырдан қорықпайтын дара жануарлар.
- Тазыларды қызметтік иттер ретінде ұстауға бола ма?
- Жоқ. Тазы - қырсықтау жануар, ал қызметтік иттер иесінің барлық пәрменін бұлжытпай орындауы керек. Сөзімнің соңында тұқымдық тексеруге келмеген тазылардың иелеріне бір-екі ауыз тілегімді айтқым келеді. «Облыстық аңшылық итбегілер клубына» хабарласыңыздар. Сіздерді тіркеп, деректеріңізді бізге жібереді. Тағы бір айтатын жайт, біздің тазымызды FCI Ресей мен Польша кинологиялық федерациялары «ортаазиялық тазы», ал Түркия «сұлтан тазы» деген атаулармен тіркетуді көздеп жүр. Бұл елдерде тазының саны көп, көрмелер жиі ұйымдастырылады, сәйкесінше, тұқымдық жұмыс жоғары деңгейде жүргізіледі. Егер атадан қалған мұраны сақтап қалғымыз келсе, асығуымыз керек...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор