Құлсары қаласының тұрғыны Ж. зергерлік бұйым жасайтын шеберхана ашамын деп алған несиесін басқа мақсатқа жұмсап, сот залынан бір шықты.
Ол 2014 жылы мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жеңілдетілген шарттар бойынша бюджеттік несиені алу үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ақысыз оқу курсынан өтті. Сөйтіп, жеке кәсібін ашу үшін бастапқы жәрдемақы ретінде мемлекеттен 2 млн 500 мың теңге несие қаржы алады.
- Алайда «болашақ кәсіпкердің» қаржыны шеберхана ашуға емес, жеке мақсатына жұмсап жібергені анықталды. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті ҚР ҚК 194-бабы 2-тармағы бойынша («Бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау») қылмыстық іс көтеріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сот шеберхана ашу келісімшартын өрескел бұзып, мемлекетке залал келтірген оны кінәлі деп тауып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 370 400 теңге айыппұл салды, - деп хабарлады Жылыой ауданы прокурорының орынбасары Жәнібек ҚАРАЖАНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА