2014 жылы Индер ауданындағы шаруа қожалықтарына қарасты қыстақтар үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес 14 млн 720 мың теңге бюджет қаржысына баламалы энергия өндіруге арналған жеті жел генераторы сатып алынып, қондырылған болатын. Алайда, бүгінде оның үшеуі істен шыққан.
Аудан бойынша 200-ге жуық қыстақ бар. Елді мекендерге жақын орналасқан кейбір шаруалар электр жарығын пайдаланады. Алайда, мұндай мүмкіндікке екінің бірінің қолы жетіп отырған жоқ. Ал, шағылды жерлердегі малшылар үшін энергия көзі мүлдем жоқ.
Осы мәселе ескеріліп, «Әділет», «Дүйсен», «Райымбек», «Тама» және тағы басқа шаруа қожалықтарына арнайы мамандар барып, қыстақтарына 3 және 4 кВт желмен қуаттанатын генераторларды осыдан екі жыл бұрын қондырып берген болатын. Қондырғылар шаруа қожалық-тарының меншіктеріне берілген.
- Бізге өткен жылдың шілдесінде жел генераторын әкеліп орнатқан болатын. Алайда, ол бір айдан кейін жұмыс жасамай қалды. Арнайы мамандарды шақыртып жөндеп береміз деп уәде берген, бірақ әлі ешкім келген жоқ, - дейді «Алтықұлаш» шаруа қожалығының иесі Құбайдолла ӨТЕПҚАЛИЕВ.
Аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ барлық қондырылған генераторлар Ресейде жасалғандықтан мамандарды сол жақтан күтіп отырғандарын айтты.
- Істен шыққан үш генераторды жөндеу жергілікті мамандардың қолынан келмейді. Біз Ресейден арнайы мамандарды шақырттық. Бірақ олардың дәл қашан келетіні белгісіз, - дейді Б.Иманғазиев.
Біз жел генераторына мұқтаж бірнеше қыстақтағы малшылармен де сөйлесіп көрдік.
- Далалық жерде жиі болып тұратын боранды, желді күндері энергия көзінсіз өте қиын. Бұрын малшылар жаппай жарық моторын пайдаланған. Бірақ біз олай жасай алмаймыз, себебі, бұл біз үшін үлкен шығын. Моторды жағу үшін жанармай көп кетеді. Сондықтан ең үнемді жолы осы деп сығырайған майшаммен отырмыз. Амал қайсы? - дейді қыстақтардағы малшылар. - Ұялы телефондарымызды арнайы аккумулятормен қуаттаймыз. Ал, аккумуляторды электр энергиясы бар жерден қуаттандырып аламыз. Жел генераторын орнатқандар үйдің жарығымен қоса теледидар мен тоңазытқышын пайдаланып, қызығын көріп отыр. Біз де жел генераторына сұраныс бергенбіз, бірақ әзірге орындалмай отыр.
Ал бұл турасында Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ былай дейді:
- Сөз болып отырған жеті жел генераторын орнатуға шаруалар бір тиын да шығарған жоқ. Жел генераторына сұраныс әлі де бар, бірақ бәрі оларды тегін алғысы келеді. Бірақ бұл мемлекеттік бағдарлама күшін жойғандықтан, енді мұндай мүмкіндік жоқ. Егер шаруалар өз қаржыларын шығарса, жел генераторын алып беруге көмектесеміз. Ресей, Германияда генератордың бағасы 1-1,5 млн теңгеден басталады. Бірақ өз ақшасына алуға ешкім ықылас танытып отырған жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА