Бүгін, 19 қаңтарда православиелік христиандар шіркеу мейрамдарының бірі – Құдайға шоқыну мейрамын атап өтуде.
Биыл мұз ойығына түсуге ниет білдірушілер үшін Атырауда және бірнеше аудан орталығында арнайы жеті орын әзірленді. Атырауда негізгі жоралғы «Орал» мейрамханасы маңындағы купель жанында өтті. Ол жерге Әулие Успен соборының діни қызметкерлері мен діндарлар крест ұстап, сол жерге сап түзеп келді.
Храм настоятелі Михаил әкей дұға оқылғаннан кейін адамдарды мұз ойығынан алынған суды бүркіп шашып, шомылу үшін адамдарға батасын берді.
Бір қызығы, 19 қаңтарда Жайық өзеніне шомылғысы келетіндер жыл сайын артып келеді. Ұлты мен діни сенімі әр түрлі жандар бар. Лайлин МОРАН – Венесуэладан, Атырауда тұрып жатқанына екінші жыл болды. Бұрын ол мұздай суға түсуге батылы жетеді деп ойламаған екен:
– Мен православиелік христиандарда осындай мейрам бар деп еститінмін. Бірақ ешқашан өз көзіммен қалай болатынын көрген емеспін. Өз күшімді сынап, өміріме жаңа тыныс енгізуді ұйғардым. Аздап толқудамын. Алайда өзгелерден есіп тұрған батылдықпен бел буып тұрмын.
Сәл кейінірек, сынақтан өткен Лайлин мәз-мейрам болды:
– Бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын әсер.
Басқалары өзеннің арнайы ойылған жерлерінен су алды. Діндарлардың пікірінше, бүгін су аса ерекше емдік қасиетке ие және ұзақ сақталады екен.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор