Македония парламенті премьер-министр Никола Груевскийдің отставкасын мақұлдады. Груевский отставкаға басқарушы коалиция мен оппозициялық "Македония социал-демократиялық одағы" (МСДО) партиясы арасында маусымда жасалған келісім талабы бойынша кетті.
Еуропа Одағының қолдауымен жасалған келісімге сай, премьер 24 сәуірге белгіленген парламент сайлауына жүз күн қалғанға дейінгі аралықта қызметінен кетуі тиіс болған.
МСДО мәлімдемесінде парламент сайлауына өз кандидаттарын елде еркін ақпарат құралдары пайда болған жағдайда және дауыс беру құқығы бар азаматтардың тізімі қайта жасалғанда ғана ұсынатынын айтады. Басқарушы коалиция мен социал-демократтар бұл мәселеде 16 қаңтарда Еуропа Одағының кеңею істері жөніндегі комиссары Йоханнес Ханның Скопьеге сапары кезінде де келісе алмаған.
Македониядағы саяси дағдарыс оппозиция Груевский үкіметін 20 мың азаматтың телефондағы әңгімелерін заңсыз тыңдады деп айыпталған соң басталған. Мұның алдында МСДО партиясының жетекшісі Зоран Заевке мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып тағылған.
Дереккөз: Азаттық радиосы