АСТАНА. ҚазАқпарат - Иран санкция алынғаннан кейін әлемдік нарыққа күніне 2,1 млн. тонна мұнай шығармақ. Бұл туралы бүгін Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилу мәлім етті.
«Санкция салынғанға дейін Иран тәулігіне төрт миллион баррель мұнай өндіріп, оның 2,1 миллионын экспортқа шығарып келген еді. Санкциялардың салдарынан экспорт көлемі тәулігіне бір миллион баррельге дейін төмендеп кетті. Ал ендігі уақытта Иран бұған дейінгі көлемді экспортқа шығаруға дайын», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына.
Осы орайда Иран Елшісі тілшілер тарабынан туындаған тағы бір сауалға орай Иранда мұнай өндірудің өзіндік құны барреліне он долларды құрайтындығын айта келе бүгінгі таңда әлемде орын алып отырған қара алтынның бағасы көңілдерінен шығатындығын да жасырмады.
«Әрине, мұнай бағасы арта түссе Иранның пайда табатындығы анық. Дегенмен, ескерер тағы бір жайт бар. Иран мұнайының өзіндік құны басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен», - деді ол.
Дереккөз: inform.kz