Атырау, 29 қараша 10:27
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қыстақтармен байланыс бар

3 124 просмотра

Жаңа жылдың алғашқы күндері қар борап, шалғайдағы қыстақтармен жол қатынасы қиындап кеткен болатын. Біз қалың қар басып жатқан аудандардағы малшылардың қазіргі жай-күйін сұрап білдік.

Махамбет ауданындағы қыстақтардың бәріне бірдей қатынау мүмкін болмағанымен, байланыс үзілген жоқ.

- Біз шаруалармен күнбе-күн ұялы байланыс арқылы сөйлесіп отырмыз. Олар азық-түлік, пішендерін, отындық қиларын ерте бастан жинап алған, қорлары жеткілікті. Қыстақтардың бәріне жол тазалау мүмкін емес. Қардан ашылған жолдарды жаяу борасын соғып, қайтадан жауып жатыр, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайреден НАУБАЕВ.

Аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықтағы шағыл арасында қоныстанған «Қаңбақты», «Есмахан» қыстақтарындағы шаруалар әзірге мұқтаждық көріп отырған жоқ, жағдайлары бірқалыпты.

Исатай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан ЕРМҰХАНОВ 186 шаруа қожалығына қарасты қыстақтардағы жағдайды хабарлады. Ең шалғай деген 100 шақырым қашықтықтағы қыстақтарға жол ашу үшін жеке кәсіпкер Дарын ЖҰЛҚАШЕВ екі КамАЗ автокөлігі мен екі қар тазалайтын машинаны жұмылдырған.

Қызылқоға ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәлімет бойынша, 250-дің үстіндегі қыстақпен жүйелі байланыс орнаған. Күн аяз, тазаланған жолдар бораннан қайтадан бітеліп қалуда.

- Созылмалы сырқат жандар мен босанатын уақыты жақындаған әйелдер бақылауға алынған. Күні жеткен жүкті әйелдерді орталыққа ертерек жеткізудеміз. Жалпы, жағдай қалыпты, - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Самат ТАЙШЫБАЙ.

Жылыой және Индер аудандарында округ әкімдері кезекшілік ұйымдастырып, қыстақтардағы шаруалармен байланысқа шығып отыр. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда техника, адам күшін әзірлеп қойған. Индер ауданындағы ең алыс 100 шақырым қашықтықтағы «Сармайшағыл» елді мекеніне баратын жол қардан ашылған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.