Атырау, 5 мамыр 12:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Кітапханашы ағай

4 853 просмотра

Индер ауданы Бөдене ауылында тұратын Кеңес СӘРСЕНҒАЛИЕВ (суретте) балалар арасында «кітапханашы ағай» атанып кеткен.

Кеңес Сәрсенғалиев кітапханашылық қызметке келмес бұрын бірнеше жұмыс орнын ауыстырып үлгерген.

- Бастапқы жылдары ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс жасадым, - деп еске алады К. Сәрсенғалиев. - Кейін директоры болдым. Алайда 1997 жылы мәдениет үйі жабылып қалып, жұмыссыз қалдым. Одан соң ауылдық округте бас маман болып үш жыл жұмыс жасадым, бірақ қысқартуға ұшырап, тағы жұмыстан босап қалдым.

Ауылдық жерде жұмысты тек мектептен, әкімдіктен және амбулаториядан таба аласың. Жүздеген адамның ішінен ол жерлерден жұмыс табу бірен-саранның ғана маңдайына жазылады. Мейірбике болып жұмыс жасайтын жолдасының азғантай айлығы неге жетсін? Кеңестің басқалардай қала кезіп, кәсіп іздеуге мүмкіндігі болмады. Сол себепті азғантай малын бағып-қағумен айналысты. Ал, 2011 жылы кітапханашы жұмыс орны пайда болып, ол кітапханаға жұмысқа орналасты.

- Кітапханашының міндеті кітап үлестіруден тұрмайды. Ол сол кітапқа адамның қызығушылығын оята білу керек. 60-80-ші жылдары кітапты таласа оқитын. Қазір бала мен үлкеннің қолында планшет, телефон, компьютер. Болмаса, үнді, түрік сериалдарын үзбей көреді. Бар керегі мен қызығын содан табады, - дейді Кеңес.

Ол кейде көркем әдебиеттерді арқалап, ауыл кезіп кетеді. Зейнеткерлерге барады, кітабын үлестіреді. Оқып болған соң жинап алады, басқасын әкеледі. Ауыл қонақасында жаңа келген кітаптың мазмұнын қысқаша әңгімелейді. Кітапханада бас қосып, кітаптың мазмұнын талқылайды. Қалай еткенде де кітапқұмарлар санын арттыруға тырысуда.

Бүгінде кітапхана қорында 10 745 кітап бар. Ал оқырмандар саны 500-дің үстінде. Жылына 200-ге жуық жаңа кітап келеді. Оның ішінде көркем әдебиеттен бастап поэзия, балалар кітабы бар.

- Кітап мүлдем ешкімді қызықтырмайды деп айтуға болмайды. Біздің жастағылар әлі көркем әдебиеттен, классикалық шығармаларды оқудан қол үзген жоқ. Оқырманның жартысы мұғалімдер мен оқушылар. Әсіресе, бастауыш сынып балалары жиі келеді. Мені сол қуантады. Мәселен, 9-шы сынып оқушысы Алма АЙМАШЕВА бір жыл ішінде 70-ке жуық кітап оқып үлгерді, - дейді кітапханашы.

- Ал сіздің өзіңізге қай жанр ұнайды?

- Жақында «Құныскерей» кітабын қайталап оқып шықтым. Жеңіл, ұғынықты жазылған. Осы жерлесіміздің қилы тағдыры туралы кітапты талқыға салмақшымыз. Кейбір жас Құныскерейдің кім екенін де білмейді ғой.

Әрине, кітап адамның логикалық ой-жүйесін арттырып, тіл байлығы мен фантазиясын дамытады. «Кітап деген - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан тыйылар едік» деп Ғабит Мүсірепов айтып кеткен ғой.

- Кітапханалардың болашағын қалай елестетесіз? Жабылып қалады-ау деп қорықпайсыз ба?

- Рас, техника тез дамып келеді, қазір кез келген кітапты интернеттен тауып, тыңдауға да болады. Бірақ мен парақтарды аударыстырып, олардың сыбдырын естігенді ұнататын және кітаптың иісін сағынып тұратын адамдардың бәрібір болатынына сенемін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

14 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.