Атырау, 20 желтоқсан 23:55
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

Макс пен Талғат митингіге шақырады

6 079 просмотра

Image 0Азаматтық белсенді Талғат АЯН. Фото "АЖ" мұрағатынан.Қаламызға танымал қоғам белсенділері Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯН Атырау тұрғындарына қазіргі уақытта Қылмыстық Кодекстің 174-бабы бойынша айыпталып, сот процесі өтіп жатқан Ермек НАРЫМБАЕВ, Болатбек БІЛӘЛОВ және Серікжан МАМБЕТАЛИНДІ қолдау үшін флешмоб өткізуді ұсынады.

«Ермек, Болатбек, Серікжан және басқа да азаматтық белсенділерді қолдау үшін қалалық әкімдікке келесі мәтінде өтініш жазып, флешмоб өткізуді ұсынамыз: «Әкім мырза, 24 қаңтарға белгіленген азаматтық белсенділер мен журналистерді қорғауға арналған митинг өткізуге рұқсат беруіңізді талап етемін (немесе өтінемін). Аты-жөні, мекенжайы, күні».

Қолмен жазуға болады. Бұл үшін сіздерді ешкім қыспаққа ала алмайды, құрметті жерлестер. Ешқандай жауапкершілікке тартылмайсыздар. Осылай болса да, әрекет ету керек. Егер тапсырсаңыздар, мөр соғылған көшірмелеріңізді өз бетшелеріңізге салыңыздар», - деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі бетшесіне Макс Боқаев.

Белсенділер өз кезегінде осындай бейбіт митинг өткізу жөніндегі өтініштерін қалалық әкімдікке тапсырды. Өтініште жазылғандай, митингінің мақсаты – «Қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын лайықсыз қатал қылмыстық қудалауға аударту, осы азаматтық белсенділерге көмектесу жолдарын талқылау».

Митингіні өткізу күні осы жылдың 24 қаңтарында Исатай-Махамбет алаңында өткізу жоспарланып отыр.

Естеріңізге салсақ, азаматтық белсенділер және Facebook әлеуметтік желісінің қолданушылары Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев өткен жылдың қазан айынан бері қамауда отыр. Қазақстандық адам құқығы және заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюросының Bureau.kz сайты жазғандай, «екеуі де жасырын сөз байласып, Facebook-тегі өз бетшелерінде алматылық қоғам қайраткері Мұрат ТЕЛІБЕКОВТІҢ «Көшеден соққан жел» (Ветер с улицы) кітабынан цитаталарды өз ойларын қосып тарату арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырды деп айыпталды».

Олардың ісі бойынша сот отырысы 2015 жылғы 8 желтоқсанда Алматыда басталды. Белсенділер өздеріне таңылып отырған «алауыздықты тудыру» айыбын жоққа шығарып отыр.

Болатбек Біләлов – құқыққорғаушы және азаматтық белсенді, «Демократия және адам құқығы институты» ҚБ жетекшісі. АНТИГИПТИЛ қозғалысына қатысушы. 2015 жылғы 11 қарашада әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты тудырды деп айыпталып, екі айға қамаққа алынды.

«Сандж» зерттеулер орталығының жетекшісі Жанар ЖАНДОСОВА Facebook-тегі өзінің бетшесінде ҚР парламентінің депутаты Айгүл СОЛОВЬЕВАҒА Қылмыстық Кодекстегі 174-бапты асыра қолдануды қалай жоюға болады деп сауал қойды: «...Бүгінде бізде құқыққорғаушылар Болатбек Біләлов, Ermek Narymbayev, Serikzhan Mambetalin үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша сот процесі жүріп жатыр. 2014 жылға дейін бұл Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 343-бабы болды (яғни, бұл үшін ешкімді отырғызбады). Енді осы бапты қылмыстық етіп, Қылмыстық кодекске енгізді. Яғни, адамды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. 174-бапта әлеуметтік алауыздықтың кез келген түрін қоздыру туралы айтылады және бұл басында экстремизммен күресу үшін шығарылған еді. Алайда қазір оны құқыққорғаушыларға қарсы, кез келген өзгеше ойлау мен билікке немесе өзеуреген бизнес әрекеттеріне қарсы кез келген наразылықты басып-жаншуға қолдануда. Ең сорақысы, баптың екінші тармағында қоғамдық бірлестік жетекшілеріне қатысты жаза қатайтылған, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Яғни, халықтың мүддесін, сөз еркіндігін, адамдардың лайықты баспанаға, жиналуға, таза қоршаған ортаға ие болу құқығын қорғаған адамдарды әлеуметтік алауыздық тудырды деп оңай соттап жіберуге болады. Менің Aigul Solovyeva-ға сауалым бар: осы бапты асыра пайдалануды қалай болдырмауға болады?»

«Осы бапты нақты түсіндіретін Қаулы болуы керек деп ойлаймын!» - деп жауап берді Соловьева.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

13 қаңтар 2016, 14:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.