Ресей Қырым түбегіне қатысты халықаралық құқықты бұзған жоқ деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин Bild басылымына берген сұхбатында.
Оның пікірінше, БҰҰ жарғысы бойынша әрбір халықтың өз болашағын өзі анықтауға құқығы бар. Ал ресейлік әскерилер түбекке "халықтың өз еркін ашық білдіруіне кедергі жасалмауын қадағалау үшін" барған. Халықаралық заңнама бойынша, Ресей 2014 жылы наурызда Қырымды аннексиялап алғаннан кейін түбек "оккупацияланған территория" саналады.
Путин сұхбатында НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюін сынап, егер Батыс елдері Таяу Шығыстағы саясатқа килікпегенде Еуропадағы миграциялық дағдарыс мұншалықты ауқымды болмас еді деген.
Путин бұған қоса СССР құлағаннан кейін Ресей "әуел бастан өз ұлттық мүддесін білдірмей", қателік жібергенін айтқан. Оның пікірінше, Ресей өз мүдделерін сол кезде білдіргенде әлем бұдан әлдеқайда "тепе-теңдікте" болатын еді. "СССР құлағаннан кейін көбі "екінші күштің" жоқтығын пайдаланып қалуға тырысты" деген Ресей президенті.
Батыс салған санкциялардың ықпалы туралы сұраққа жауап берген Путин Ресей экономикасына ең алдымен ресейлік экспорттық тауарлар, еңдымен мұнай мен газ бағасының арзандауы ең көп зардап келтіріп жатқанын айтқан. Бірақ ол мұнай бағасының арзандауының кері ғана емес, экономиканы оңалтатын оң әсері барын да айтқан.
Путиннің Bild-ке берген сұхбатының толық мәтіні Кремльдің ресми сайтында жарияланған.
Дереккөз: Азаттық радиосы