«Ирак пен Левант лаңкестік тобы» Ливиядағы мұнай құятын айлақтарға бақылау орнату үшін соғысып жатыр. Содырлардың Эс-Сидр және Рас-Лануф порттарына жасаған шабуылдары кезінде 10 адам қаза тауып, 40-тан астамы жарақат алған. Бұл туралы мұнай нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін компания өкілі мәлімдеді.
Кескілескен ұрыс 3 күннен бері жалғасуда. Атқылау салдарынан мұнай құйылған 5 цистерна отқа оранды. Онда 460 мың баррель қара алтын болған екен. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы Ливияның бұрынғы көсемі Муаммар Қаддафи төңкеріс нәтижесінде өлтірілгеннен кейін, елде билік үшін талас-тартыс басталды. БҰҰ ұлттық бірлік үкіметін құруды ұсынған еді, бірақ ел парламентіндегі саяси күштер арасындағы алауыздық кесірінен бұл бастама аяқсыз қалған. 4 жыл бұрын Ливиядағы мұнай өндіру көлемі күніне 1,6 млн баррель болатын. Қазір бұл меже 25%-ға қысқарды.
Дереккөз: 24.kz