Атырауда халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы Абзал Дүсіповтың (суретте) қатысуымен баспасөз конференциясы және шеберлік дәрісі өтті.
Шақырылған балалар мен олардың ата-аналары чемпионға өздері дайындаған сұрақтарын қойды, ал ол өз кезегінде балаларға соққы жасау кезінде жарақат алмау үшін қолды қалай орайтынын көрсетті. Сондай-ақ, ол алақан және соғу қапшығымен жұмыс жасау техникасын көрсетіп, өзінің бірнеше әдіс комбинацияларының құпиясын ашты.
Конференцияға ЖСШМ директоры Аманбай Қыздарбаев пен оның орынбасары Есенгелді Пызылғалиев, облыстық кикбоксинг федерациясының барлық мүшелері, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Данияр Юсупов, екінші және төртінші БЖСМ директорлары, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Сүндеткерей Қасанғалиев және жоғары санатты жаттықтырушы Рүстем Қисметов сияқты жергілікті белгілі спортшылар мен жаттықтырушылар жиналды.
Суретті облыстық кикбоксинг федерациясының директоры Ерік БОТАХАНОВ ұсынды
***
Бокс
Алматыда ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Меңдігерей Хайрутдиновті еске алуға арналған бокстан жастар арасында дәстүрлі шеберлер турнирі өтті.
Турнир Бүкіләлемдік әуесқой бокс қауымдастығының кестесіне енгізіліп, ұйымның барлық талаптарына сәйкес өткізіледі. Жарысқа Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстанның барлық облыстарынан 100-ге жуық шебер спортшы жиналды. Мақат бокс мектебінің шәкірті Қазбек Сапенов жақсы өнер көрсетіп, қола медаль ұтты. Жас талантты тәжірибелі бапкерлер Азамат Байдулиев пен Ринат Жұмағалиев жаттықтырады. Қазір олар Қазбекті қаңтар айында Қарағандыда өтетін мықтылар турниріне дайындап жатыр.
***
Қызылордада 2000-01 ж.т. жасөспірімдер арасында бокстан ҚР аймақтық біріншілігі өтті.
Облыс құрамасы сапында Аят Айтқалиев пен Дарын Серкебай «күміс» иеленсе, Нұркен Нұрымов пен Ерсұлтан Қанжаралы «қолаға» қол жеткізді. Олар сәуір айында Астанада өтетін ел чемпионатының финалдық бөліміне жолдама алды. Спортшыларды жарысқа Айдос Дәулетов пен Азамат Байдулиев дайындады.
***
Суға секіру
Атыраудың намысын республикалық және халықаралық турнирлерде қорғап жүрген суға синхронды секіру жұбы Алексей Пригоров - Антон Захаров екі жаққа кетті.
Антон Голландиядағы су шоуына шақырту алып, сол жаққа кетті. Алексей жалғыз өнер көрсетіп, желтоқсан айында Белоруссияның ашық чемпионатында алтын медаль ұтты. Бұл туралы жаттықтырушысы Владимир Молчанов хабарлады.
Енді алда үлкен сынақ күтіп тұр – 2016 жылғы Олимпиаданың қалған 22 жолдамасы сарапқа салынатын лицензиялық Әлем кубогы. Алексейдің осылардың бірін алатын жақсы мүмкіндігі бар.
Естеріңізге салсақ, А.Пригоров суға синхронды секіру бойынша 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері.
***
Дзюдо
Челябинскіде Ресейге еңбек сіңірген жаттықтырушы Григорий Веричевті еске алуға арналған ерлер арасында дзюдодан 9-бүкілресейлік турнир өтті.
Жарысқа Ресейдің, Өзбекстан және Қазақстанның екі жүзге жуық мықты палуаны қатысты. 60 келіге дейінгі салмақта атыраулық дзюдошы Мұрат Дошахаев (жаттықтырушылары – Айбек Серғазиев пен Аманбай Қыздарбаев) қола медальға ие болды.
***
Күрес
Қарақалпақстанның астанасы Нүкісте өткен 1996-98 ж.т. жастар арасында грек-рим күресінен халықаралық турнирде облыс құрамасы жақсы өнер көрсетті.
Жарысқа Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 300-ге жуық жас палуандар қатысты. Алмаз Мұратоллаев 60 келіге дейінгі салмақта «алтын» алды. Ол төрт белдесу өткізіп, барлығында да мерзімінен бұрын жеңіске жетті. 74 келіге дейінгі салмақта Темірлан Еспенбет те алтыннан алқа тақты. Мирас Рахметоллаев 55 келіге дейінгі салмақта «күміске» ие болды. Ол ақтық айқаста Өзбекстан чемпионына жол берді. Эльдар Тоғызбаев та финалда турнир иелерінің өкілінен ұтылып, «күміс» алды. Тағы бір атыраулық палуан Исраил Иззатов қола жүлдегер атанды.
Бесеуі де жоғары спорттық шеберлік мектебі мен олимпиадалық дайындық орталығының шәкірттері, жаттықтырушылары – Болат Әбуталиев пен Ербол Әділбаев.
***
Зілтемір
1-БЖСм-де жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан облыс біріншілігі өтті.
Жарысқа отызға жуық бала қатысты. Олег Фофонов, Никита Ерофеев, Вячеслав Лифанов, Сүндетәли Әбу, Фанис Галиев және Айысбек Ерсайынов өз салмақ дәрежелерінде үздік атанды. Спортшыларды жаттықтырушылар Игорь Мырғамбаев, Арман Үбиев және Әлібек Баймұханов дайындады.
***
25 желтоқсанда облыстық ІІД-де «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығын атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа, ІІД бастығының бірінші орынбасары, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция қызметкерлері арасында дзюдодан әлем чемпионы Аян Дүйсембаевқа, ІІД бастығының орынбасары Қандарбек Бақтыгереевке, облыстық ТЖД басшысы Сағынбек Өмірзақовқа, желілік ішкі істер бөлімінің бастығы Бержан Өтеғалиевқа, №5546 әскери бөлімнің бастығы Бекайдар Күртібаевқа, «Күзет» мамандандырылған күзет басқармасының бастығы Сұлтан Молдашевқа, облыстық күзет қызметін қадағалау бөлімінің бастығы Нұрлыбек Көшеновке, облыстық облыстық ҚАЖД бастығының м.а. Данияр Туашевқа, «Арлан» арнайы жасақ бөлімінің командирі Нұрлыбек Иманғалиевке «Динамоға» 90 жыл» төсбелгісі табыс етілді.
Спорт ардагерлері Николай Панченко мен Асан Раушанов «Динамо қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Кір тасын көтеруден әлем чемпионы Владимир Мичриге, Евгений Уховқа және облыстық олимпиадалық резервтерді дайындау орталығының директоры Мұстахим Қабдрашевқа «Құрметті динамошы» төсбелгісі берілді.
Анастасия ПАСТУХОВА, Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ