Атырау, 29 қараша 09:44
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Атырау облыстық ТЖД-нің оқиғалар тізбегі

2 063 просмотра

31 желтоқсанда Құлсарыдан 110 шақырым жердегі «Санақазған» елді мекенінде «Смартойл» ЖШС-нің 5 техникасы қар күртігіне батып қалды. Машинада он адам боған. «Трэкол» көлігінің көмегімен олар қауіпсіз жерге жеткізілді.

1 қаңтар

Индер ауданында аудан орталығынан 15 шақырым жердегі Сүндет учаскесінде «Ниссан Премьера» көлігі қарға батып қалды. Құтқарушылар келгенше көлік ішіндегі үш адамның барлығы өз беттерімен Сарман ауылына жеткен. Сол жерден қауіпсіз жерге жеткізілді.

Таңдай селолық округінің Көкшолақ ауылына жақын маңда құтқарушылар УАЗ көлігін қар құрсауынан алып шықты. Ішінде екі адам болған.

Жылыой ауданында Ақтөбе облысынан Құлсары қаласына бара жатқан КамАЗ қарға батып қалды. Жүк машинасын «Трэкол» көлігінің көмегімен белгіленген жерге дейін сүйреп жеткізді.

2 қаңтар

Исатай ауданында Тұщықұдық селолық округінің «Қызыл үй» учаскесінен шыққан УАЗ көлігі қар күртігіне батып қалды. Ішінде бес адам болған, оның екеуі - бала. Жоғалғандарды іздеуге «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ-нің жол талғамайтын үш көлігі шыққан. Бірінші күні іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. 3 қаңтарда «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағының көмегімен көлік «Қызыл үй» учаскесінен 20 шақырым жерден табылған. Бесеуі де тікұшақпен қауіпсіз жерге жеткізілді.

Махамбет ауданының Алға селосынан таңертең жергілікті екі тұрғын «Нива» көлігімен солтүстік-шығыс бағытына қарай шығып, жоғалып кеткен. Оларды іздеуге төрт УАЗ-бен 12 ауылдасы шығады. Жоғалғандардың барлығы табылып, үйлеріне жеткізілді.

Исатай ауданында Сазанқұрақ кенішіне жақын маңда боранда шопан малымен бірге жоғалып кеткен. Сазанқұрақ кенішінен іздеуге жол талғамайтын үш көлік шыққан. Шопан да, оның қойлары да дін аман күйде табылды.

Жылыой ауданында Шоқпартоғай селосынан 15 шақырым жерде көлік қарға батып қалған, ішінде екі адам болыпты. Жүргізуші мен оның досына Құлсары қаласына жаяу жетуге тура келген.

Қала маңындағы Көктем поселкесінен дабылды телефон қоңырауы түсті: жүкті әйелді шұғыл ауруханаға жеткізу керек болған. Құтқарушылардың күшімен босанушы әйел «Трэкол» көлігінің көмегімен дер кезінде перзентханаға жеткізілді.

Исатай ауданында Балғымбаев кенішінен бес шақырым жерде автобус пен КамАЗ көлігі қарға батып қалған. Барлығы 15 мұнайшы қиын жағдайға тап болған. Оларға жұмыс орындарына жаяу жетуге тура келген.

Мақат ауданында жүргізуші мен бес жолаушысы бар «КСБ групп» күзет компаниясының УАЗ көлігі Ботақан кенішіне барар жолда қарға батып қалған. Оларды іздеуге «ДоссорМұнайГаз» МГӨБ-нің жол талғамайтын екі көлігі шыққан. Жұмысшылардың барлығы кенішке жеткізілді.

Жылыой ауданында Майкөмген селолық округінің аумағында сегіз жұмысшысы бар КамАЗ көлігі (вахтовка) қарға батып қалған. Қиын жағдайға тап болған жандар қауіпсіз жерге көшірілді.

Жылыой ауданында Қайқы селолық округінің аумағында Құлсары қаласынан он шақырым жерде бес жолаушысымен УАЗ және «Тойота Прадо» көліктері қар күртігіне батып қалған. Бесеуі Құлсары қаласына жаяулатып жеткен.

Мақат ауданында атқа мінген қойшы Белқұдық қыстағынан шығып, жоғалып кеткен. Оны іздеуге екі УАЗ шығып, қарға батып қалды. Олардың соңынан «ДоссорМұнайГаз» МГӨБ-нің КамАЗ көлігі шыққан. Шопанның өзі Мақат поселкесіне дейін жеткен, қар күртігінде қалған УАЗ-дар сүйреп шығарылды.

Жылыой ауданындағы Бай Еділ учаскесінде шопан отарымен жоғалып кетті. Іздеуге ТЖД-ның төрт құтқарушысы «Трэкол» көлігімен шықты. Суық тиген шопан табылып, орталық аудандық ауруханаға жеткізілді.

Жылыой ауданында Ақмешіт учаскесінде УАЗ-ға мінген «Атырау Жарық» АҚ-ның үш қызметкері қарға батып қалды. Көліктерін тастап, олар таяу маңдағы қыстаққа жеткен.

Исатай ауданында Таңдай – Новобогат айналма жолында 13 жолаушысы бар «Газель» қарға батып қалды. Құтқарушылар бәрін Аққыстау поселкесіне жеткізді.

Махамбет ауданында Таңдай селосынан 3 шақырым жерде Есмахан ауылының маңында жеті жолаушысы бар «Газель» көлігі қарға батып қалды. Аудандық полиция күшімен барлығы Есмахан ауылына жеткізілді.

Махамбет ауданының Көздіқара ауылының маңында ішінде екі адамы бар УАЗ көлігі қарға батып қалды. Құтқарушылардың күшімен олар Махамбетке жеткізілді.

Исатай ауданында Аққыстау поселкесінен 130 шақырым жерде төрт жолаушысы бар «Приора» қарға батып қалды. Қиын жағдайға душар болғандарды аудандық жол полициясы құтқарып, Аққыстауға жеткізді.

Қызылқоға ауданында Көкалабие ауылына жақын маңда шопан отарымен жоғалып кетті. Ауыл әкімдігінің күшімен жоғалған бақташы табылып, Көкалабие қыстағына жеткізілді.

3 қаңтар

Исатай ауданында шамамен Аққыстаудан қырық шақырым жерде «Тойота-Прадо» көлігі қарға батып қалды. Ішінде сегіз адам болған. «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ-нің «Орал» вахта көлігі жіберілген. Барлығы қауіпсіз жерге жеткізілді.

4 қаңтар

Махамбет ауданында Атырау-Орал тас жолынан алты шақырым жерде Баклан учаскесінде екі жолаушысы бар УАЗ пикап көлігі қар күртігінен шығарылды. Адамдар Махамбет ауданының №4 өрт сөндіру бөлімінің күшімен құтқарылды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.