Индербор поселке-сіндегі бес көшеге салтанатты түрде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі берілді.
Көктем мөлтек ауданындағы бұрынғы Оңдасынов көшесі енді Жәрдем КЕНЖЕТАЕВТЫҢ есімімен аталатын болды.
1923 жылы Құлсары кентінде дүниеге келген Жәрдем Кенжетаев 1942-1945 жылдары аралығында ІІІ Украин майданында, Криворож әуе полкінде ұшқыш болып, соғыс даласындағы жауынгерлік ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен, екі мәрте Қызыл Ту орденімен марапатталған. Соғыстан оралған соң Мақат кен орнында ұста, Жылыой аудандық «Социалистік ауыл» газетінің жауапты хатшысы, Гурьев облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Теңіз ауданында партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. 1964-1972 жылдар аралығында Индер ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болған.
Өмірінің соңына дейін өзі тұрған Подстанция мөлтек ауданындағы көшелердің біріне фашистердің концлагерінде тұтқында болып, азап шегіп, бар өмірін қиындықпен өткізген Сейілхан ҒАБДУЛЛИННІҢ есімі берілді. Оның өмір жолы «Қилы тағдыр» кітабында толық баяндалған. Кейін ақталып шығып, балаларға ұстаздық еткен ағаға ел ықыласы ерекше.
Тағы бір көшеге Гаврил Петрович ШАМИННІҢ есімі берілді. Гаврил Петрович 1923 жылы Индер ауданы Гребенщик ауылында (қазіргі Ынтымақ) шаруа отбасында дүниеге келген. Отан соғысына басынан бастап соңына дейін қатысқан. 1942 жылы Островок деревнясын (РФ, Псков облысы) алу кезінде бірнеше фашисті тұтқындап, көзін жоюда ерлік танытқаны үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Ал, 1944 және 1945 жылдары барлаушы «тіл» әкеліп, аса бағалы мәліметтер алуға мұрындық болғаны үшін І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерін иеленген.
Тағы екі көшеге Оқас НЫҒЫМЕДИНОВ пен Бақтыгерей ҚАБИЕВ есімдері берілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА