Атырау, 29 қараша 09:52
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Шетке шыққан мәдениет

3 278 просмотра

Image 0Индер ауданы Бөдене ауылындағы мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері тағы бір жаңа жылды өз ғимараттарынсыз қарсы алды.

Олардың бұрынғы ғимараттары Кеңес үкіметі ыдыраған кезде жекешелендірілген соң, жаңа иелеріне ішін босатуға тура келген. Ғимараттарды сатып алатын ұжымның ақшасы болмады. Мәдениет қызметкерлерінің жиырма жылдан бері әр есікті бір сағалап, соңғы кездері әкімшіліктің бір шағын бөлмесін қанағат тұтып отырған жайы бар.

- Қыста біз шаралар мен дайындықты ауылдағы орта мектептің акт залында өткіземіз. Ал, жазда далада өтеді, - дейді мәдениет үйінің директоры Бисенбай ҚАМИЕВ (суретте). – Бүкіл музыкалық аспаптарды сол мектепте сақтаймыз.

Ал 400 оқырманы мен 10 735 дана кітап қоры бар кітапхана да ғимараты өте ескі болғандықтан үш жылдан бері мектептің бір бөлмесіне орналасқан. Кітапханашы Кеңес СӘРСЕНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, мектеп басшылығы бұл орынды босату жөнінде әкімшілікке хат жазғанымен, баспана жайы шешілмей тұр.

- Иә, хат жаздық. Себебі, бұл орындар бізге мектепке дейінгі даярлық топтарын кеңейту үшін керек. Олар бұрынғы амбулатория орнына көшіріледі деген, бірақ, әлі белгісіз. Мәдениетшілер шараны мектеппен бірге ұйымдастырып жүр. Бірақ сағат 18.00-ден кейін оларды кіргізе алмаймыз, бұл оқу орны ғой, - дейді Бөдене орта мектебінің директоры Тамара ЖЫЛҚЫШИЕВА.

Екі қабатты балабақша ғимаратының да жекенің қолына кеткеніне жиырма шақты жыл болды. Содан бері ауыл балабақшасыз отыр.

- Аудан орталығы мен осы ауылдың арасы 20 шақырымдай. Биыл екі ортаның жолы күрделі жөндеуден өтті. Қатынас жақсарды. Автобус болмағанымен, жеке жеңіл көлік таксилер жетеді. Ауылда жұмыс көзі тапшы. Кейбір адамдар осы аудан орталығында жұмыс жасар еді. Олай етейін десе, балабақша жоқ. Балаларын күн ұзаққа тастайтын жері болмағандықтан амалсыздан жұмыссыз бос отырғандар бар. Мәдениет үйі керек қой. Кеш болса, жастардың баратын жері тағы жоқ, - дейді тұрғындар.

Тұрғындар бұл мәселелерге қатысты жиын сайын шағымданады, бірақ құлақ асар ешкім жоқ...

- Бұл ауылдан 200 орындық мәдениет үйін салу үшін сметалық жобалау құжаты жасалған, - дейді Индер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ. - Облыстық құрылыс басқармасы сметалық жобалау құжатын ТШО-ға тапсырған. Олар демеушілікпен салып береміз деген уәде берді. Бірақ құрылыстың қашан басталатыны белгісіз. Ал, 100 орындық балабақшаның сметалық жобалау құжаты жасалу үстінде. Одан кейін қаржы сұратылады ғой. Кітапхана мәдениет үйімен бірге болады деп отырмыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

7 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.