Қаңтар. «Төрешілдер хит-парады»: Атырау облысының кәсіпкерлері палатасы бизнестің дамуына кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың антирейтингін жариялады. Бірінші орынды қалалық сәулет және жер қатынастары бөлімдері нық ұстауда. Атырауда №12 маршруттағы жолаушылар автобусы жүргіншілер өткелінен екі егде әйелді қағып кетіп, ажалына себепші болды. «Ембімұнайгазда» жаңа директор – Құрманғазы Есқазиев. Атырау-Құлсары трассасында КамАЗ бен Toyota Gravia мини-вэні соғысып, такси жүргізушісі мен бес жолаушы көз жұмды. Үш айдың ішінде атыраулықтар жалпы сомасы 20 млн теңгеге «әдемі» номерлер сатып алды, 111, 888, 007, 001 номерлеріне сұраныс көп. Қала шетіндегі Жұмыскер ауылындағы мектепте оқушы газ баллоншасынан газ шашып, 21 оқушы улану белгілерімен ауруханаға түсті. Атырауда 2006 жылы Шаңырақ ауылында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен бас бостандығынан айырылған жазушы Арон Атабекті қолдау митингі өтті. Қала тарихында алғаш рет билік бейресми митинг өткізуге рұқсат берді, «жансыздарды» қоспағанда 50-ге тарта адам жиналды. Қаланың сауналарының бірінде 4 жасар қыз бассейнге құлап, тұншығып өлді. Атыраудың 33 жастағы тұрғыны әйелінің жұмысына келіп, кеудесіне пышақ тығып өлтірді. Анасыз (әкесіз) екі бала жетім қалды. «АЖ» Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтан үлкен сұхбат алды: «Мен өз ісіме берілген мемлекеттік қызметшімін».
Ақпан. Энергетика министрі Школьник Атырау маңында салынып жатқан «Ұлттық индустриалдық мұнай химиялық технопаркке» барды. Барлық инфрақұрылымдық нысандары бар газ химиялық кешеннің құрылысы 1,7 трлн теңгеге бағаланған және 17 мың адамды жұмыс орны ашылады. Жоспар солай. ІІД-ге жұмысқа қабылдарда жалғандық детекторын пайдалана бастады. Өз анасын өлімші етіп сабаған Махамбет ауданы Ақтоғай ауылының тұрғыны 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Мейірімді адамдар әлемі: Атырау-Құлсары трассасында ЖКО-да Украинаның Луганск қаласының үш тұрғыны қаза болғанда, атыраулықтар («АЖ»-дың да қатысы бар) ақша жинап, қайтыс болғандардың туыстарына мәйіттерді үйлеріне жеткізуге көмектесті. Қаза болғандардың бірінің ұлы интернетке былай деп жазды: «Біз Қазақстан мен Атыраудың тұрғындарына сүйсіне таң қалдық. Сіздер мұлдем танымайтын адамға қиын кезеңде көмектесуге дайын тұратын ынтымағы жарасқан адамсыздар. Баршаңызға рахмет, сіздер біз үшін үлкен жақсылық жасадыңыздар». Өзара қол қойған келісімге сәйкес, Қазақстан ЕХРО-2017-ге инвестиция салу үшін NCOC-ға салынған миллиардтаған экологиялық айыппұлды кешірді. Атырау-Орал трассасында ауыр жүк көлігі мен «ЗАЗ Шанс» автомобилі соқтығысып, жеңіл көліктегі барлық төрт адам қайтыс болды. Доссор кентінің 11-сынып оқушысы дәрі ішіп, өз өмірін қиды. Қыз өлер алдында ештеңе жазып қалдырмаған, алайда айналасындағы адамдар ажалына сынақтық ҰБТ-дан төмен баға алып қалғаны себеп болды дейді. Қызылшаға қарсы егуден кейін көптеген балалар өздерін жайсыз сезінгендіктен Атырауда басқа жерлердегідей егу тоқтатылды.
Наурыз. «Ресейден көлік әкелу»: рубльдің девальвациясы нәтижесінде (теңгені үкімет ұстап тұрды) көптеген атыраулықтар Астраханға және РФ-ның басқа да өңірлеріне көлік сатып алуға ағылды. Баға айырмашылығы 40%-ға жетіп тұрса, неге бармасқа? Облыстық соттың қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқасы «Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ ісі» бойынша сотталғандардың шағымын қанағаттандырмады. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылды. АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Талғат Байтазиев Приднестровьедегі металлургиялық зауыттың директоры болды.
Сәуір. «Атырау» ДСК-нде бірден екі халықаралық көрме – «Атырау Мұнай және Газ» және «Құрылыс» көрмелері өтті. Судағы павильондарда балық сату маусымы ашылды, екі сауда нүктесі жұмыс жасап тұр – облыстық әкімдік алдында «Амангелді» ӨК, Тұрғындар қалашығында «Інжу-Маржан» ЖШС. Бірлік ауылында Қазақстанда алғаш рет және посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ халықаралық деңгейдегі геохимиялық зертхана салтанатты түрде ашылды: енді жаңа мұнай қорларын ашып, барлауды арзандатуға мүмкіндік пайда болды. Көктемге әскерге шақыру науқаны басталды: Атырау облысынан әскер қатарына 700 жігіт алынды. «Зардап шеккендерге көмек». Атырауда Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге гумманитарлық көмек жинау қызу жүріп жатыр. Чеховтың «Қаскүнемі» сияқты: полиция вагондардың ауырлығынан темір жолдың төсем ағаштарының қозғалуын болдырмауға арналған 2 келілік темір жол «ұрлап кетпеуге арналған құрылғысын» ұрлап кеткен. Оның үйінен 500-ге жуық осындай темір табылған. №2 қалалық сот Украинада сеператистер жағында соғысқан Атыраудың 27 жастағы тұрғынына үкім шығарып, үш жыл бас бостандығынан айырды.
Мамыр. «Ажалсыз полк»: Сәтпаев даңғылы бойымен соғысқа қатысқан аталарының суреттерін ұстап, тұрғындар колоннасы өтті. 9 мамырда Жеңіс саябағында соғыстан оралмаған атыраулықтарға арналған Естелік қабырғасы ашылды. Исатай-Махамбет алаңында Батырхан Шүкеновты еске алу кеші өтті. 12 мамырда тек бір тәулік ішінде Атырауға төрт айлық жауын нормасы түсті. 252 үй суға кетіп, 500 тұрғын эвакуацияланып, қаладағы бірнеше мектептерге орналастырылды, қолда бар барлық техника аулалардағы суларды шығаруға жұмылдырылды. Әкім Б. Ізмұхамбетов: «Пәтер бермейміз, алайда зардап шеккендерге көмектесеміз». Атырауда 200-ге жуық мемлекеттік қызметші жемқорлықтан тазамыз дегенді білдіретін ақ қолғап киіп, Сәтпаев даңғылымен жүріп өтті. Атырау-Құлсары трассасында КамАЗ бен «Лада Ларгус» соқтығысып, жеңіл көліктегі 6 адам қаза болды, барлығы да 24 пен 51 жас аралығындағы Өзбекстан азаматтары. Кейіннен қарсы бағытқа шыққан КамАЗ жүргізушісін 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Маусым. 4-нде «Мұнайшы» стадионында бірнеше мың қалалық мемлекеттік әнұранды орындап, Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Балық ресурстарын қорғау айқас алаңдарынан жаңалықтар: 2016 ә/б шекарашылары Жайық-Каспий арнасының жағасынан балық қорғау инспекторын қызыл балық және уылдырықпен ұстады. «Атырау» футбол командасының директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Ол «өзіне сеніп тапсырылған біреудің мүлігін аса ірі көлемде жымқыру» бабымен айыпталды. Кейіннен оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Облыс орталығында Ауғанстан мен ауған-тәжік шекарасында қаза болған атыраулықтарға арналған ескерткіш ашылды. АҚШ соты Бостондағы терактіге қатысы бар деп айыпталған атыраулық Азамат Тажаяқовты 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушының әкесі Әмір Исмағұлов: «Біздің адвокаттарымыз үкімге шағым береді». «Бейбіт күндегі адам шығыны»: жыл басынан бері Атырау облысында ЖКО-дан 41 адам қаза болып, 198 адам жарақаттанған. Индер ауданының Елтай ауылында Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаева қайтыс болды. Танымал «Маржан қыз» әні сол кісіге арналған еді. Туыстарына амандасып, ата-анасына дұға ету үшін Атырауға белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов келді. «Үш жылдан бері қаланы бірінші рет көріп тұрмын»: бұрынғы облыс әкімі аппаратының басшысы және Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов бостандыққа шықты. Ол «Бергей Рысқалиевтің ҰҚТ ісі» бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Балықшылар Төменгі Пешной тартымынан 125 келі қортпа аулады. Балықты Атырау бекіре өсіру зауытына «емдеуге» жіберді. Ыстық ауа райы салдарынан дала өрті көбейді: Қызылқоға ауданында үш мың гектар жер өртенді.
Шілде. 3-нде АМӨЗ-дің хош иісті көмірсутегі өндіру кешенінде алғашқы тауарлық бензол партиясы алынды. Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде қазақтың алғашқы бард ақыны, Индердің тумасы Табылды Досымовты еске алу кеші өтті. Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы қайғылы оқиға: 40 жастағы жергілікті тұрғынына ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған кезінде найзағай түсті. Бір аптадан аса уақыт бойы түнде Атырауды мұнай өнімдерінің тұншықтырардай сасық иісі алып кетті. Қаланы қай кәсіпорын улап жатыр? Сол баяғыша – жауап жоқ. 6 жасар қызбен жыныстық жақындасуға әрекет жасаған бір ауылдың 30 жастағы тұрғыны 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Бұл 2015 жылы өңірімізде анықталған бірінші педофилдік қылмыс емес, өкінішке орай, соңғысы да емес.
Тамыз. ҰБТ-2015 тапсыруда Атырау облысы түлектерінің жинаған орташа балы – 61. «Бұл еліміздегі ең төмен балл», - деп мәлімдеді білім беру департаменті басшысының м.а. Ш. Мырзағалиев. Мұнай және газ институтында оқу үшін Атырауға Қытайдан 60 жас келді, барлығы да қазақ тілін жақсы меңгерген.
Қыркүйек. Атырауда бірінші қалалық физика-математикалық лицей ашылды. Математикаға икемі бар дарынды балаларды мұнда жергілікті және Орал, Өскемен, Қарағандыдан арнайы шақыртылған жоғары санатты мұғалімдер оқытады. 40 жастағы атыраулық инкссатор табельдік тапаншасымен жақында ажырасқан әйелі мен оның апасын атып өлтіріп, кейін өзіне де қол жұмсады. «Азаматтық бастама» қозғалысының коммуналдық тарифтердің негізсіз көтерілуіне қарсы билік рұқсатымен өткізген митингіне 150-ге жуық адам жиналды. Ұйымдастырушылар шараны өткізуге қала алаңдарының бірінен орын сұраған, алайда қалалық әкімдік Балықшы шетіндегі бір түкпірден жер бөлді. Ақтауда әскери жаттығу кезінде төрт сарбаз суға кетті, олардың екеуі Атырау облысынан шақырылған екен. Атырауға жұмыс сапарымен Н. Назарбаев келді. «Бұл дағдарыстан қорқатын ештеңе жоқ, - деп мәлімдеді елбасы «актив» жиналысында. – Біз капиталистік әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жүйеде тұрақты өсім болуы мүмкін емес, өсімнен кейін құлдырау міндетті түрде болады». Сарайшық ауылында көптеген шетелдік қонақтардың қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды.
Қазан. Қала күнін тойлау барысында әр жылдары облыс орталығын басқарған Есен Тасқынбаевқа, Равиль Шырдабаевқа, Нұрпейіс Мақашевқа, Жалғас Тікенбаев пен Сәлімжан Нақпаевқа ескерткіш сыйлықтар тарту етілді. «Құлсарыдағы атыс»: «АЖ» аудан орталығында атыс қаруымен кісі өлтіру неге жиі орын алатындығын анықтауға тырысты. Атырау қаласының тұрғыны Құралбек Қармысовтың «Не? Қайда? Қашан?» ойынында ардагерлер командасы жауап бере алмаған сұрағы жазғы ойындар сериясындағы үздік сұрақ деп танылып, жерлесіміз 530 мың рубль мен «Хрусталь үкі» сыйлығын алды. Атырауда VI республикалық Махамбет оқулары өтті. Жыл басында сатылымға шығарылған «Атырау» футбол клубын сатып алушылар табылмады. Осы уақытта баға бірнеше рет төмен түсірілген еді. 14 қазанда Атырауда ұзақ науқастан кейін Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев қайтыс болды. Атырауда әлемнің көптеген елдерінен келген ғалымдардың қатысуымен «Ислам мәдениеті: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларға қарсы тұрудың жолдары» халықаралық конференциясы өтті. «Ганюшкино» шекара бекетінен «Душанбе – Мәскеу» пойызына жасырылған героиннің ірі партиясы (33 келі) өтіп кетті. Есірткі заттарды Ақсарайдан ресейлік шекарашылар тапты.
Қараша. Қалалық мәслихат сессиясында депутаттар қоғамдық көліктегі жолақысын 50 теңгеден 80 теңгеге дейін көтеруді бір ауыздан мақұлдады. Теңіз жағалауындағы қамыс арасынан 21 мамырдан бері хабар-ошарсыз кеткен 40 жастағы атыраулық балықшының мүрдесі табылды. Зілтемірші Ниджат Рахимов Атырау үшін алғашқы олимпиадалық жолдаманы ұтып алды. Ол Қазақстан азаматтығын қабылдаған әзірбайжан.
Желтоқсан. Атырауда «жауап алудан кейінгі өлім» туралы іс бойынша сот процесі басталды. Екі полиция қызметкері өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу және билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану баптарымен айыпталуда. Қылмыстық іс полиция жауап алғаннан кейін шам бағанасына асылып қалған 23 жастағы қала тұрғыны Антон Марковтың өлімі фактісі бойынша көтерілген еді. Драма театрда әнші Ақмарал Машимованың мерейтойына арналған үлкен концерт өтті. Атырауда жедел жасақшы Әлихан Құмарғалиев өз өмірін қатерге тігіп, Жайықтың суық суына түсіп, қызды құтқарып қалды.
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!