Бірқатар елдер Солтүстік Кореядағы полигондарға таяу аймақта бүгін болған жер тербелістерін осы елдің ядролық сынақтарымен байланыстырады.
АҚШ геологиялық қызметі (USGS) магнитудасы 5,1 балл болған жер сілкінісі туралы хабарлады. Оңтүстік Корея жер тербелісі Пангири деген жерден 50 километр қашықтықта болды деген ақпарат таратты. Бұл жерде бұрын Пхеньян ядролық сынақтар жасаған еді.
Оңтүстік Корея билігі "жер сілкінісінің себебі табиғи емес, жасанды" деп мәлімдеді. Қытай билігі де "жер сілкінісінің себебі - жарылыс" деген мәлімет таратты. Жапонияның тиісті мекемелері "жер сілкінісінің себебі - ядролық жарылыс" деп хабарлады. Жапония министрлер кабинетінің хатшысы Ёсихидэ Суга «Бұрынғы оқиғаларды ескере отырып, жер қозғалысы Солтүстік Кореяның ядролық сынағының әсері болуы мүмкін" деп мәлімдеді.
Қытай 2013 жылы да Солтүстік Кореяда болған жер сілкінісі туралы осындай болжам жасаған. Ол жолы Пхеньян үшінші мәрте ядролық сынақ жасаған еді. Солтүстік Кореяға ядролық бағдарламасы үшін БҰҰ санкциялары салынған. Пхеньян жер сілкінісіне қатысты жақын арада арнайы мәлімдеме жасайтынын айтты.
Дереккөз: azattyq.org