2016 жылдың 1 қаңтарынан Қытайда отбасы туралы жаңа заң күшіне енді. Онда екінші баланың тууына қойылған шектеулер алынды, деп жазды gbtimes.com порталы.
Қытайлық БАҚ хабарлағандай, 2016 жылы 1 қаңтарда сағат 0:00 кейін туғандар ғана заңды құқыққа ие болған.
Осыған байланысты жүкті әйелдер сәбиін 1 қаңтарда дүниеге әкелуге тырысқан.
Осылайша, Фуцзянь провинциясы Цзяньчжоу қаласының тұрғыны қызын 2016 жылдың 1 қаңтарында сағат 2:46 дүниеге әкелген. Жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында тегі Ян әйел қызды 2016 жылы дүниеге әкелу үшін қолынан келгенін жасағанын айтты. Көздегеніне жетіп, қыз заңды екінші баласы атанды.
Ал Цзяньчжоу қаласының тағы бір У деген тұрғыны 2016 жылдың 1 қаңтарында босануы тиіс еді. Алайда ұл жаңа жылға бірнеше минут қалғанда дүниеге келген, яғни ол 2015 жылы туды. 2015 жылда күшіне ие заң бойынша ерлі-зайыптыларда екінші баланы дүниеге әкелу құқығы болмағандықтан, олар 100 мың юань (15 360 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды.
Ал Чэнь жанұясында екінші сәби 27 желтоқсанда дүниеге келуі тиіс еді. Ерлі-зайыптылар 80 мың юань (12 288 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлеуге дайын болған. Алайда ұлдары 1 қаңтарда сағат 10:18 дүние есігін ашып, заңды бала атанды. Әкесі ұлын Бавань деп атайтынын айтты. Ол қытай тілінен аударғанда «80 мың юань» дегенді білдіреді екен.
2002 жылдан күшке ие болған заңға сәйкес, екінші баланы тууға тыйым салынған заңды бұзғаны үшін айыппұл салғанда, отбасының табысына қараған.
ҚХР-да тууды шектеу саясаты 1970 жылдардың ортасынан басталған. Еңбек ресурстары тапшылығының өсуі және тұрғындардың тез қартаюы мәселесіне тап болған Қытай 2013 жылы ерлі-зайыптылардың бірі жалғыз бала болған жағдайда бұл жұпқа екінші баланы дүниеге әкелуге рұқсат берді.
Екінші баланы дүниеге әкелу тыйымын алып тастау шешімі 2015 жылдың соңында қабылданды.
Дереккөз: ҚазАқпарат