Қаңтардың 2-сі күні Индер ауданы Көктоғай ауылдық округіне қарасты «Сартебін» қыстағының малшысы кешкі сағат 6 шамасында қыстақтан шығып кеткеннен кейін боранда жоғалып кетті.
- Бізге «Сартебін» қыстағының малшысы 55 шақырым қашықтықта орналасқан Көктоғай ауылына шаруасымен шығып кеткеннен кейін қайта оралмағаны жөнінде суыт хабар келіп түсті. Сол күні үздіксіз қар жауып, көзге түрткісіз боран соғып тұрды. Біз аудандық ТЖ мамандарымен бірге техника мен ауыл адамдарын жұмылдырып, іздеуге шықтық. Малшы қаңтардың 3-і күні 11 сағаттан кейін табылды. Оның «Нива» автокөлігі қалың қарға малтығып қалған. Көлікте жанармай таусылуға жақын болатын, көмек дәл уақытында келді, - дейді Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали ҚҰСАЙЫНОВ.
Сол күні Елтай ауылдық округіне қарасты «Байбоз» қыстағының малшысы малды далаға жаюға шыққан болатын. Ол кезде ауа райы жайлы болатын. Бірақ кейін боран басталып, іздеу басталды. Малшы келесі күні таңда, өзін жылытқан қойлардың ортасынан аман-есен табылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА