Атырау, 28 қыркүйек 04:47
 ашықВ Атырау +16
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Жаңа жыл түніндегі қылмыстар мен оқиғалар

1 887 просмотра

Image 0Атырау қаласының полицейлеріне жаңа жыл түніндегі кезекшілік мазасыз өтті.

ҚІІБ кезекшісі Болат ҚАМЫСБАЕВТЫҢ айтуынша, 31 желтоқсанда күндіз қар салдарынан мұз құрсауланған жолдарда 32 адам түрлі зақым алған 34 жол-көлік оқиғасы орын алған.

Кешкісін ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық жанжалдарға 19 мәрте полиция шақырылған.

Жаңа жыл түні дәстүрлі түрде пәтер ұрлығы көп тіркеледі. 2015 жылғы 31 желтоқсанда да солай болды. 102 пультіне Атырау ықшамауданындағы №36 көшенің бойындағы үйде ақша ұрлығы мен зергерлік бұйымдардың тоналғандығы туралы дабыл түсті. Зиян сомасы 700 мың теңгені құрады. Осындай ұрлық Ардагер коттедждер поселкесінде орын алды. Ол жерде үй ішінен жарты миллион теңгені алып кеткен. Қала маңындағы Ракуша поселкесінде коттедж тұрғындары қонақтықтан келген кезде үйлерінің бүкіл есік-терезесі айқара ашық жатқанын, ал екінші қабаттағы жатын бөлмеде тұрған сейфтің көшеде жатқанын көрген. Зиян мөлшері анықталуда.

Түн ортасынан кейін Құлманов көшесінің бойындағы №107 үйдің тұрғынынан қоңырау түсті: жоғарғы қабаттардағы көршілері аулада тұрған "Хонда" көлігіне петарда лақтырып, есігін бүлдірген.

Полицей патрулі облыстық перзентхана ауласында ұйықтап қалған мас адамды алып кетті. Ал екіншісінің жолы болмапты - Томарлы селосында автобус аялдамасына жақын маңда 40 жастардағы жақсы киінген ер адам үсіп қалған. Жеке басы анықталуда.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

4 қаңтар 2016, 21:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.