Атырау, 22 желтоқсан 10:07
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 172 просмотра

Кір тасы

Image 262 жастағы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, 2014 жылғы кір тасын көтеруден әлем чемпионы Евгений Михайлович Ухов (суретте) келесі жылдың мамыр айында Керчьте өтетін әлем чемпионатына дайындалу барысында әлем рекордын жаңартты – 16 келі кір тасын 1 сағат 58 минутта 1 900 рет көтерді.

Рекорд 2015 жылғы 20 желтоқсанда «Мұнайшы» орталық бассейнінің тренажер залында жасалды. Бұл туралы жетістік куәгерлері ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Игорь Мырғамбаев пен нұсқаушы жаттықтырушы Иса Изатов хабарлады.

Дзюдо

2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, жерлесіміз Айболат Ыстыбай тағы бір жарыстан «алтынмен» оралды.

Бұл жолы ол Душанбеде өткен өзбек, орыс, тәжік және қазақтың мықты дзюдошылары қатысқан беделді халықаралық турнирден олжалы оралды. Айболат бес белдесу өткізіп, барлығында да мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Айтпақшы, бұл оның ҚР жастар құрамасына алғаш қосылуы. Сонымен қатар, Сараевода өткен әлем чемпионатынан кейін атыраулық дзюдошы он келіге ауырлап, қазір 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Бұл туралы облыстың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Рашид Құлбаев хабарлады.

Бокс

Image 0Әйелдер боксынан облысымыздың құрама командасы Таразда жастар мен жасөспірімдер арасында өткен «мықтылар турнирінде» сәтті өнер көрсетті. Рингке Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі спортшыларының шығуы турнирді қыздыра түсті.

Жастар арасында атыраулық боксшылар бір алтын медаль ұтты – 57 келіге дейінгі салмақта Элла Сәрсенғалиева жеңімпаз атанды. Жасөспірімдер де қарап қалмады: «алтын» – Динара Зинулина (50 келіге дейін) және Зарина Халилулла (57 келіге дейін), «күміс» – Дильназ Сұлтанкереева (40 келіге дейін), «қола» – Әсел Сыйлыханова (44 келіге дейін), Нұрсәуле Елтай (70 келіге дейін) және Венера Рамазанова (75 келіге дейін). Қыздарды жаттықтырушылар Алексей Юн мен Әлібек Көшенов дайындады.

***

Ханты-Мансийскіде мұнай өндіруші елдердің ерлер құрамалары арасында бокстан Әлем кубогы өтті.

13-рет өткізіліп тұрған, Социалистік еңбек ері, батыс сібір мұнайын алғаш ашушы Фарман Салмановты еске алуға арналған турнир 20 елдің 100-ден аса ең атақты деген былғары қолғап шеберлерін жинады. Мұнда Қазақстан намысын тек Атырау облысы құрамасы қорғады.

69 келіге дейінгі салмақта АМжГИ студенті Азамат Досмағамбетов финалға дейін жетіп, ақтық айқаста «Баку Файрс» командасы құрамында Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) финалына шыққан Евгений Ромашкевичке ұпай санымен есе жіберді. Нәтижесінде Азамат «күміске» ие болды.

Қалған спортшыларымыз сәтті өнер көрсете қоймады. 52 келіге дейінгі салмақта Рашид Салауатов бірінші айқасында-ақ 2013 жылғы Азия чемпионы, қырғыз Азат Үсенәлиевтен ұтылып қалды. 56 келіге дейінгі салмақта Асылхан Ұзақбаев 2011 жылғы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, тәжік Буходир Вагитовтан жеңілді. 60 келіге дейінгі салмақта Ержан Орлабаев ринг иесі, 2015 жылғы Ресей чемпионатының финалшысы Руслан Камеловтан ұтылды. Ал 75 келіге дейінгі салмақта Амандық Манашев Қытай чемпионына есе жіберді.

Муай-тай

Image 1Астанада муай-тайдан Қазақстан кубогы өтті.

Атырау облысы намысын «Қайсар» СК мен «Алан» СК-нің (Доссор ауылы) 9 шәкірті қорғады. Олардың жетеуі жүлделерге ие болды.

Еламан Саясатов (51 келіге дейін), Ишан Галлиев (57 келіге дейін), Ислам Галлиев (60 келіге дейін) және Ғалымжан қалымов(+91 келі) «алтын» алды. Әбил Галлиев (60 келіге дейін) «күміс» иеленсе, Анель Қадырова (51 келіге дейін) мен Данияр Аққалиев (60 келіге дейін) «қолаға» қол жеткізді.

Жалпы командалық есепте Атырау Алматыдан кейін екінші командалық орын алды.

Спортшыларды Айбат Рахман, Мейрам Галиев, Бақытжан Мухамбеталиев және Нұрберен Әміржанов дайындады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттерді «Қайсар» СК ұсынды

31 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.