Атырау, 29 қараша 09:50
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Қыстақтағы құс шаруашылығы

6 077 просмотра

Image 0Индер ауданына қарасты «Алтықұлаш» қыстағы бұрын ел қонбаған жазық дала еді. Енді мұнда жер атымен аттас «Алтықұлаш» шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Қыстақ ауданнан 35 шақырым қашықтықта жатыр. Мұнда төрт түлік малмен қатар күркетауық та өсіріледі. Бір сөзбен, тіршілік қайнап жатыр.

Біз қыстаққа келгенде мал жайылыста екен. Алдымыздан тұрқы кеспірсіздеу, бойы биік, құйрықтарын кейде тік ұстап, желпуіш сияқты желпіген күрке-тауықтарды кезіктірдік. Ұзын мойындарын қылқаң-қылқаң еткізе жан-жағына соза қарағыштап, арасында тамақтарынан қырылдаған үн шығарған құс соңынан балаң жігіт көрінді.

Бұл 23 жастағы Құбайдолла ӨТЕПҚАЛИЕВ (суретте) - аталмыш шаруа қожалықтың иесі.

Құбайдолла көп балалы отбасынан. Ол Оралдағы колледждердің бірінде ақпараттық технология факультетін бітіріп, әкесі Серікқали ӨТЕПҚАЛИЕВКЕ көмекші болды.

- Біз кішкентайымыздан малды қарап, бағып-қағуды үйренгенбіз. Мен әкеме жәрдемдесіп қоймай, өз шаруашылығымды құрғым келді. Бірде Батыс Қазақстан облысынан туысқандарымыз келіп, күркетауықтың пайдасы жөнінде әңгімеледі. Маған бұл идея өте қызық болып көрінді. Сол әңгімені естісімен менен маза кетті, мен де күркетауық асыраймын, кәсіп ашамын деп шештім, - дейді Құбайдолла.

Бұл бастамасын кәсіпкерлік палатасы қолдап, өзінің «Өтепқалиев» ЖК ашып, 2 млн теңге несие алды. Бұл қаржыға өткен жылдың шілдесінде Батыс Қазақстан облысынан 110 күркетауық сатып алды.

- Күркетауық көп күй талғамайтын құс, суыққа төзімді. Кең даланың өсімдіктерінің тамырын талғажау етіп, қой малы сияқты жайылып жүре береді. Қыстақ маңынан көп ұзамайды, - дейді Құбайдолла. – Қазір күркетауыққа сұраныс көп, бір жылдың ішінде 2000-ға мыңға жуық жұмыртқа, 10 шақты күркетауық саттым. Бір жұмыртқа 70-80 теңге, әр құс салмағына қарай 10-15 мың теңге тұрады. Әзірге күркетауық санын көбейтуге тырысудамын. Жақында жұмыртқа басып шығаратын инкубатор сатып алдым.

Күркетауық - үй құстарының ішіндегі ең ірісі. Құстың тірілей салмағы 9-35 кг, мекиені 4,5-11 кг. Еті жеңіл қорытылатындықтан жоғары сұранысқа ие. Холестерин аз, сондықтан оны көп адам диеталық тағам ретінде пайдаланады.

Құбайдолла балапандар үшін қалыпты температураны сақтап тұратын жайлы орын дайындап қойыпты. Өзі айтпақшы, күркетауықты бағу тәсілі қара-пайым: суы мен жемін уақытылы берсең, қорегін өзі іздеп табады.

- Менің арманым - осы жылы қайткенде несиемді толық өтеп шығу және құс етін сататын дүкен ашу.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор



31 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.