Атырау, 28 наурыз 15:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Махаббат хикаясы

4 658 просмотра

Image 3Бұл 24 жастағы жігіттің басынан өткен хикаясы бойынша Калифорнияда кино түсірген болар еді. Бұл ғажайып әрі махаббат хикаясы болатын: 13 апта ішінде ол арандай ашылған тәбетімен жинаған 42 келіні тастап, қалыңдығын тапты. Ал, бар болғаны бірнеше ай бұрын оған 38 жас беріп, қыздар қашқақтап, отбасын құрамын деген тілегі орындалмас армандай болған еді.

ЖЕҢГЕМ «СЕРІК, БАРУ КЕРЕК!» ДЕДІ

Махаббатта жолы болмауымен қатар Серік демікпеден зардап шекті. Ал, туыстары оның жайсыз қорылынан титықтайтын. Ол XXXXL өлшемдегі киім киетін. Бұл 64-ші өлшем. Бұған «дейінгі» Серіктің осындай қорқынышты портреті шындыққа сай келмейтіндей: мұның бәрі сәби жүзді осы жігіт пе?!

Біз қала орталығындағы шағын мейрамханада отырмыз, алдымда руккола мен ешкі ірімшігінен жасалған салаттың үлкен порциясы және қою жасыл қоймалжың (бұл жалбыз-банан-ақжелкен және шөптер мен пайдалы заттар қосылған детокс-смузи) құйылған қырлы стакан тұр: бүгін жеңіл тамақ ішетін күнім деуге болады. Серік әңгімелескен бір жарым сағат бойына үлкен бокалға құйылған көк шайды ғана ұрттап отырды. Оның сондай дәмді екенін және «Қызыл барқыт» немесе «Наполеон» торттары секілді тәттілерге еш тәбеті жоқ екенін айтып, ант-су ішті. Ал, күні кеше ғана күніне екі литр кола ішу мен таңғы асқа жылытылған бешбармақ жеу ол үшін қалыпты үрдіс болатын. Спорт интернатының түлегі, грек-рим күресі бойынша спорт шеберіне кандидат екі жыл ішінде елу келідей салмақ жамап алып, спортпен қарқынды айналысуды қойып, фаст-фудқа көшкен еді.

Отандық телеарнадан «Салмақхана» («Дом-весы») реалити-шоуы басталған кезде Серік БИСЕНҒАЛИЕВҚА (суретте) жеңгесі «саған сол жерге бару керек» депті. Басты критерий – 110 келіден жоғары салмақ. Серіктің салмағы сәйкес келді. 177 см бойы бар жігіттің салмағы 147 келі болатын. Маусымда ол эссе-өтінім жолдап, бір жарым мың үміткермен бірге кастингтен өтеді. Тамыз айында оған түсірілім тобы келіп, үш күн бойына реалити-шоуға үміткердің тіршілігін түсіреді. Содан кейін Алматыда қазылар алқасымен сұхбаттасудан өтіп, 30 тамызда облысымыздан бір өзі «Салмақханаға» өтеді. Бағдарламаға миллиондаған өтінім түскен, 16 толық адам мәреге өткен, ең кішісі 20 жастағы Жансаяның салмағы - 116 келі. Ал ең салмақтысы – Женя Иманбаев. Оның жасы 28-де, бойы 160 см, салмағы 216 келі. Ең жасы үлкен қатысушы 48 жаста. 8 ер адам мен 8 әйел ғимаратқа кіріп, есік сырттан жабылды. Сыртқы әлемге олардың барлығы басқа адамдар болып шықты.

БЕШБАРМАҚТЫ ҚАБЫЛДАЙ АЛМАДЫ

- 42 келі тастау - бұл сөзбен жеткізуге болмайтын сезім шығар. Бұл іс жүзінде өзіңмен бірге тағы бір адамды алып жүргенмен бірдей ғой.

– Иә, сөзбен жеткізу мүмкін емес, - деп басын изеді Серік. – Біздің психологымыз күні бойына: жуынғанда, бауымызды байлағанда, тамақ ішкенде... біз арылған салмақтағы сөмкелерді арқалап жүруге мәжбүр етті. Сол кезде мұндай салмақпен қалай өмір сүргенмін деп ойлайсың. Жоба аяқталған кезде менде тағы артық 10 келі салмақ қалды. Мен тұзсыз диетаны ұстанамын, жеңіл тамақ ішетін күндерді сақтаймын. Бұл - сіңімді тамақтану. Бағдарлама диетологы қол жеткізген нәтижелерді сақтау үшін осы өмір салтын бір жыл ұстану керек деген кеңес берді. Содан кейін, әрине, спорт.

- Жобадан кейінгі бірінші күні сен ең алдымен не жедің?

Image 2

- Жобаға қатысушы, досым Дәулеттің жұбайы біздің құрметімізге бешбармақ әзірлепті. Көңілін қалдырмай, бір кесектен қазы жеп, екеуміз де әжетханаға жүгірдік. Ағзамыз қабылдамады. Бастапқыда, өте ауыр болған әрі қарнымыз ашқан кезде диетолог шыдап, әдеттен арылу үшін 21 күн керектігін айтқан еді.

- Яғни, сен жеңіл тауықтың төс еті мен тұзсыз қарақұмық жеп жүрмісің? Кәуапты, бәліш пен бешбармақты, жеміс-жидектерді, тәтті тоқаш, ірімшік, шарапты мүлдем татып алмайсың ба?!

- Шарапты ешқашан ішкен емеспін, темекіні де тартып көргенім жоқ. Тәттіні, ұннан пісірілген тамақтарды, қуырылған, ақ күріш пен картопты жемеймін. Тіпті, жегім де келмейді. Маған оларсыз да дәмді. Үйреншікті ас мәзірімізге қараған кезде диетологымыз, танымал Майя Жантасованың күн сайын біз асқазанымызға не істеп жатқанымызды көрсеткенін есіме түсіремін. Үлкен шыны ыдысты алып, таңертең не ішкеніңді сұрайды. Ыдысқа нан, май, шұжық салып, шай құяды. Араластырады. Содан соң түскі аста: етті картоп, нан, салаттың үстіне толтырып майонез салады. Содан соң кола құйып, араластырады... Қоймалжыңға қарап жүрегің айниды. Бұлай жегім келмейді, тіпті, жей де алмаймын.

- Қане, сендерді осындай етіп қалай шығарды, тезірек айтшы?

- 30 тамызда мен Үйге кірдім. Барлық затымызды: бүкіл байланыс құралдарын, ақшамызды алып кетті. Интернет те, теледидар да, кітап-газет те, телефон да жоқ еді. Біздің бөлмеде 8 ер адам, қоршаудың ар жағында 8 әйел болды. Бітті, есікті сырттан жауып тастады. Біз таңғы сағат 7-де тұрамыз. Таңғы астан соң спорт залында жаттықтырушы, бодибилдингтен әлем чемпионы Гүлмира Мақамбаеваның басшылығымен 4 сағат сабақ өтеді. 22 мәрте шеңбер жасап жүгіреміз, бір сағат аэробика немесе кардиожаттығу болады. Бір сағат күш жаттығуы, бір сағат би: сальса немесе зумба, бар болғаны 4 сағат. Сағат 11-де алмұртпен немесе грейпфрутпен немесе бір кесе айранмен жүрек жалғап аламыз.

САТҚЫНДЫ СОЛ БОЙДА ҚУЫП ЖІБЕРДІ

- Таңғы ас пен түскі асқа не берді?

- Жарты жұмыртқа, 2 кесек тофу ірімшігі, 100 г бұршақ жармасы. Түскі асқа – қоңыр күріш, қарақұмық, жасымық сорпасы... Бір сағат демалып, содан соң қайтадан 4 сағаттық жаттығу жасап, секіргіш жіппен секіреміз. Жүрек жалғау үшін 100 грамм грек жаңғағы немесе кешью, болмаса, құрма жейміз. Кешкі асқа клетчаткамен майсыз сүзбе немесе салат жапырағы болады. Әр бейсенбі – жеңіл тамақ ішетін күн. 1 пайыздық айранның бір литрін 5 бөлікке бөлу керек. Айраннан басқа, тіпті, суды да ішуге болмайды. Етті аптасына бір рет – 100 грамнан берді. Үнемі тәтті емес көк шай, кейде каркаде беретін. Міндетті түрде көп су ішу керек. Әр кеш сайын теледидар үшін бейнежазба түсіріліп, редактормен өткізген күн туралы талқылап, жеке сұхбаттар жүргізілді. Бәрі түн ортасы ауып кеткен соң аяқталатын. Әсіресе, алғашқы апталарда, қатысушылар көп болған кезде. Төсегімізге таңғы сағат 4-те жетіп, үш сағаттан соң қайта тұратынбыз.

- Осыншама жүкпен жүріп, аштықтан жағдайларың нашарлаған жоқ па?

Image 0

- Біз үнемі дәрігерлердің бақылауында болдық. Кейбіріне жобадан кетуге кеңес беріп жатты. Өйткені, ауыр жүктемелер денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін еді. Кейбірінің қан қысымы көтеріліп, демігіп, бас аурулары басталды. Жобаның ең үлкен қатысушысы – 48 жастағы тараздық Асқар осылай кетіп қалды. Дәрігерлер оның жүрегі шыдамауы мүмкін екенін айтты.

- Бір-біріне бөтен ересек адамдар тәулігіне 24 сағат бойына бір орынжайда қамаулы. Ол жерде тек есімдері жазылған тәрелкемен кесте бойынша тамақ ішіп, спортзалда жаттығуға ғана болады. Жүйкелеріңіз жұқарған шығар?

- Әрине, жиі ұрсысып қалатын едік. Әсіресе, сыйыспайтындарды әр жұма сайын дауыс беру арқылы жобадан шығарып жіберетін. Жобаның шарты бойынша аптасына бір рет қатысушылардың біреуі шығуы тиіс. Бәрінің көңілінен шықпағандар кетіп жатты. Мәселен, бір қатысушы болды. Ол басқалармен қатар тамақ ішетін. Бірақ дұрыс жаттықпайтын. Алайда бәрінен бұрын салмақ жоғалтатын еді. Біз аптасына 6 келі тастасақ, ол 12 келі тастайтын. Бәріміз түсінбей дал болдық. Содан кейін жанжал болды, сөйтсек, ол өзімен бірге май кетіретін дәрілер алып кірген екен.

ТӨМЕНГЕ АПАРАТЫН САТЫМЕН ЖОҒАРЫҒА ӨРМЕЛЕДІ

Әр сейсенбі сайын олар «Азғыру» ойынын ойнапты. Қатысушылар алдына 16 қорап қойылды. Олардың 5-уіне тамақ, қалғандарына түрлі жағымды сый-сияпаттар салынған: үйге қоңырау шалу мүмкіндігі, скайп арқылы туыстарыңмен сөйлесу, Үйден серуендеуге шығу, спа-процедура немесе массаж...

- Керемет, дұрыс тамақ жей алдыңдар ғой.

- Керісінше, ең жаманы, егер тамақ салынған қорап нөмірі шықса, жеуден бас тартсаң, жобада жоғалтқан 2 келі салмағыңды жоғалтып, кері кетесің. Жесең де, проблема: бес минуттан соң 20 шеңбер жүгіріп немесе залда 100 рет кеудеңді жерден көтеріп, жаттықтырушыдан жаза аласың. Ең жақсы сыйлық – телефон қоңырауы: апталап байланыссыз отырасың, туыстарыңның жағдайы қалай екенін білмейсің, ал, олар уайымдап жүр ғой.

Дүйсенбі сайын оларды «өмір» алу үшін тысқа шығарады – олар бірде КамАЗ-дардан кірпіш түсіреді, әйелдер ерлермен қатар жұмыс істейді. Енді бірде ұзақ уақыт төменге қарай кетіп жатқан эскалатордың бойымен жоғарыға қарай жүгіреді. «Жүз метрге» арқанмен жүк машиналарын сүйрейді...

Қалжыратқан байқауда команда жеңімпазды анықтайды. Оған «иммунитет» беріледі. Таяу жұмадағы жобада оны қуа алмайтын еді. Ұйымдастырушылардың қиялы шексіз – бір күні қатысушылар иммунитет алу үшін жер қазған.

- Мен тік күрекпен жасырылған сандықты тапқанша өз бойымнан жоғары тереңдікте шұңқыр қаздым. Бірақ ол бос болды. Бұл жолы иммунитет Женя Имановқа бұйырды. Оған өте ауыр тиді, біз досым Дәулет екеуміз оған көмектестік, - дейді Серік.

«МЕНІ КҮТ»

Image 1

Бірақ бұл Женяны құтқармады, ол финалға жақын қалғанда жобадан шығып кетті. Дәулет ӘБСАТТАР жеңімпаз болды. Тастаған әр келісі үшін ол 100 мың теңгеден алды. 49 келі үшін 5 миллионға ие болды. 42 келі тастаған Серік екінші орынды иеленіп, Гоаға жолдама алды. Біз, ақыры, махаббат хикаясына да келіп жеттік-ау. Бірақ, алаң болмаңыз, Серік Дәулетке ғашық болмаған. Олар тек жақсы достар болды, енді туыстарға айналды.

Бұл сценарийдің махаббат желісі былай өрбіген. Кастингтен кейін, жоба басталғанша Дәулет Серікті өз үйіне түскі асқа шақырады. Сол кезде балдызы да келген екен. Серікке ұнап қалғаны сондай, ол бар батылдығын жинап, ештеңеден күмәні жоқ қызға:

- Сен маған қатты ұнайсың. Қазір ештеңе айтпа! – депті сөзін бөліп қыздың. – Мен қазір осындаймын, - ол өзінің сол кездегі келбетін меңзепті. – Бірақ егер сен маған сенсең, мені 13 апта күтуге уәде берсең, мен өзгере аламын! – деген екен.

Дәл осылай: келіп, көріп, сеніп, күтуді өтінген. Сезімі алдамапты – арманындағы қызға үш ай өткен соң ХL өлшемде – 10 өлшемге кішірейген күйде келіпті.

- Ол бағдарламадан кейін мені алғаш көрген кезде жылап жіберді, - деп әңгімелейді ол. – Менің екінші арманым осылай орындалды: мен махаббатқа деген үмітке қол жеткіздім.

Бұл жерде Серікке тағы да сәтін салып, оқиғаны жеделдеткен. Өзінің Аравия жағалауындағы еңбегі сіңген жолдамасын ата-анасына тарту етуді ұйғарады. Бірақ ұйымдастырушылар шарт қойған: біз сенің арманыңды орындадық, ал сен келісімнің шартын орында, теңізге өзің кетуің керек деген.

- Мен Ұлжалғасқа бірге кетуді ұсындым, бірақ ол діндар отбасынан шыққан, өзі намаз оқиды, әкесі оны, оның пікірінше, бөтен адамға ілестіріп жіберуден үзілді-кесілді бас тартқан. Оның өзінің де көзқарасы сай келмейтін. Ойланып, ойланып, құдалар жібердім.

Та-да-дам! Материал әзірленіп жатқанда Серік өзінің мәртебесін өзгертті – 26 желтоқсанда Астанадағы Қазірет Сұлтан мешітінде мұсылмандық неке қиылды. Ресми тіркелу және той салтанаты келесі жылдың мамырына белгіленген, ал қаңтарда жастар өздерінің романтикалық саяхаттарына аттанады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті С.Бисенғалиев ұсынды

31 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.