Салтанат сарайында дәстүрлі, 16-рет ұйымдастырылып отырған «Үздік жыл кәсіпкері» атағымен марапаттау рәсімі өтті. Тігілген 7 номинацияға 50-ден аса жергілікті бизнесмендер үміткер болды.
Бұл байқаудың бір ерекшелігі үздіктерді әкімдіктер мен шенеуніктер емес, бизнес қауымдастықтың өзі таңдайды, сондықтан да кәсіпкерлер үшін байқаудағы жеңіс әріптестері мен бәсекелестерінің өз еңбегін мойындағанының белгісі болып есептеледі. Жыл сайын белгілі бір бизнестің өзектілігін білдіретін жаңа номинация пайда болады. Биылғы жаңалық – «Балаларға арналған бизнес қызметі».
Ұйымдастырушылар жыл сайын қатысуға ниет білдірушілердің санының артып келе жатқанын атап өтті. Егер бұрын кәсіпорын басшылығына ұйымдастырушылардың өздері ұсыныс жасаса, биыл көптеген кәсіпкерлер өтінімді сұратпай-ақ берді, яғни, бұл олардың өз күштеріне сенімді және мұны іс жүзінде дәлелдеуге дайын екендіктерін көрсетті. Әсіресе «Балаларға арналған бизнес қызметі» номинациясына қатысуға көп өтінім – 20-дан аса – келіп түсті. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Балаларға арналған білім беру, дамыту, ойын-сауық орталықтары бүгінде өте қажет және нарық сұранысқа шұғыл ұсыныстар дайындап отыр. Алдын ала айтып қояйық, бұл номинацияда тартыс өте қызу болды және жеңімпаз бір дауыс қана айырмасымен анықталды. Белгілі, үлкен жетістіктерге жеткен кәсіпкерлерден, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлерді қолдау орталығының басшыларынан құралған байқау комиссиясы құжаттарды 10 қарашадан бастап жинады, ал 10 желтоқсаннан кейін бизнесмендердің жұмысымен танысу үшін кәсіпорындарға барып көруді бастады.
Байқау регламентінің тағы бір жаңалығы іріктелген үш үміткерді жариялау болды.
«Үздік жас кәсіпкер» номинациясында жеңіске оқырмандарымызға «АЖ» жарияланымдарынан таныс Ирина НЕЙБАРТ, автокөліктерге техникалық қызмет көрсетумен айналысатын Денис ТЯН және «эстетикалық медицина» қызметін көрсететін «Су рой» салонының басшысы Асыл ДОСНИЯЗОВА таласты. 27 жастағы Тян жеңіске жетті. Оның көлік жөндеу орталығы мен қосалқы бөлшектер дүкені 6 жылдан бері жұмыс жасайды, штатында 7 адам бар. Мұнда көлік жөндету мен қызмет көрсету алдын ала жазба бойынша жүргізіледі.
Қосалқы бөлшектерді тікелей Кореядан әкеледі. Денистің қасында жаңа ашқаннан бері әйелі жұмыс жасайды, ал отбасылық бизнестің тұрақты болуға мүмкіндігі мол.
«Ауыл бизнесі – шаруа қожалығы» номинациясында үш үздік – Мәрзия ӘБІШЕВА («НазГүлім» ШҚ, Қызылқоға ауданы), Ақмарал КАБУЛОВА («Агрохолдинг» ЖШС, Махамбет ауданы) және Ақеділ ШАЛҚАРОВ («Алға-1» ШҚ, Индер ауданы). Шалқаров үздіктердің үздігі атанды. Оның кәсіпорнының басты бағыты – мал шаруашылығы мен сүт-айран өнімі. Шаруашылықта 180 бас түйе және 200 жылқы бар. Италиялық жабдықтармен жарақталған өндірісте 30 ауылдасы жұмыс жасайды.
Балаларымызға қызмет көрсету саласындағы үштікке «Знамус» дамыту орталығының өкілі Зейнеп АСТРАХАНЦЕВА, Александра АБАКУМОВАНЫҢ «Империя талантов» жеке меншік балабақшасы және Роза ҚАЙРАНОВА басқаратын Orange School дамыту орталығы кірді. Жеңіс балаларды мектепке дайындайтын Orange School орталығына бұйырды. Орталық FastracKids американдық франшизе бойынша жұмыс жасап, мұғалімдері сабақтарында жаңа оқыту технологияларын белсенді қолданады. 2009 жылы орталықта 40 бала дайындалса, 2015 жылы 250-ге жетті.
«Қызмет көрсету саласындағы үздік» номинациясында қазылар алқасы «Артс» ЖШС (кондиционер, жылу беру және желдету жүйелерін жеткізу, орнату және сервис жасау), «Алмас Семсер» ЖШС (экологиялық нормалау, жобалық-іздену, сараптамалық және инжиниринг қызметі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді бағалау) және «Оразбаев» ЖК (жапқыштар тігу) арасынан таңдады. Марапатқа «Алмас Семсер» ЖШС директоры Гүлжан МҰХАТАЕВА ие болды. Компания 10 жылдан бері жұмыс жасайды. Бизнес үшін қиын қазіргі уақытта қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттері (көлікке төлем жасау, медициналық сақтандыру, түрлі үстемақылар және т.б.) сақталған.
«Атырауда жасалған» номинациясында Ержан ДАЙЫРОВ басқаратын Direct Construction Service ЖШС жеңіске жетті.
Жеке меншік үй құрылысы комбинаты темір бетон бұйымдары мен тауарлық бетон өндірумен айналысады. ЖШС «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жерұйық» тұрғын үй кешенін салу бойынша бас мердігерлікті жүзеге асырады. Кешен толықтай комбинатта өндірілетін материалдармен салынып жатыр. Бұл номинацияда жеңіске жетуге «Каспиан Констакшен Лимитед» ЖШС пен «Альфия» кондитерлік цехы да үміткер болды.
«Кәсіпкер әйел - 2015» атағын Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжі мен «Сенім» мектеп-балабақшасының басшысы Бақытгүл ХАМЕНОВА алды. Колледждің 11 жылдық жұмысы кезінде студенттер саны 120-дан 2251-ге дейін артты, бұл жерде оқушыларды 19 мамандық бойынша дайындайды. Бақытгүл көп уақытын қоғамдық жұмыстарға да бөледі, ол облыстың іскер әйелдері кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты. Әріптестері оның жауапкершілігін, жігерлілігі мен адамдармен тіл табысқыштығын жоғары бағалайды.
Ал бас марапатты – «Кәсіпкер - 2015» сыйлығын Айбар ЖАНИЯЗОВ жеңіп алды. Ол 20 жылдан бері бизнесте жүр. Екі дүңгіршектен бастаған оның қазір 300 қызметкер жұмыс жасайтын кәсіпорындары бар: жиһах цехы, дүкен, сауықтыру-ойын сауық кешені, жүк көлік компаниясы. Жаниязов «Даму» несиелеу және субсидияландыру бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі болды. Жетістікке жеттім деп дандайсымай, басқаларға көмектесуге дайын тұрады, қоғамдық өмірге белсене араласып, көптеген қалалық қайырымдылық акцияларына қатысып жүр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА