Атырау, 29 қараша 08:40
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Атырауда коммуналдық базар ашылды

5 237 просмотра

26 желтоқсанда Нұрсая ықшамауданында "Сарайшық" коммуналдық базарының ашылу салтанаты өтті.

- Базардың шалғай жерден салынғанына кейбіреулер риза емес. Бірақ қала орталығында ол үшін арнайы алаң жоқ. Бұл жерде халық көп шоғырланған және үнемі толығып отырады, - деді ашылу салтанатында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ. - Базарға үш автобус маршруты қатынайды. Қажет болған жағдайда олардың саны көбейтіледі. Базарға іргелес жолдарды екі есеге кеңейту мәселесі қаралуда... Бұл жердегі азық-түліктер арзан болады деп айта алмаймын. Бірақ басқа базарлармен салыстырғанда баға төмен болады, бұған мен кепілдік беремін. Біз облысымызда өндірілетін азық-түліктердің бағаларын толықтай бақылауда ұстаймыз. Біздің жобаларымыздың бәрі бірдей толық қуаттылыққа шыққан жоқ. Сондықтан мен уақыт өте келе тауарлар түрі мен мөлшері көбейеді деп толықтай жауапкершілікпен мәлімдей аламын.

"Мұнайшы" ДСК алаңы мен Привокзальныйдағы С.Мұқашев атындағы бульварда өтетін ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі енді болмайды. Дегенмен, жаңа базарда жәрмеңкелерге ұқсастық байқалды. Біріншіден, бағасы 18-ден 22 теңгеге дейінгі жергілікті құс фабрикаларында шығарылған жұмыртқа сатып алушылардың ерекше сұранысына ие болды. Ашылу рәсімі сағат 11-ге белгіленді, ертерек келген сатып алушыларға сатушылар қызмет көрсетпеді. Алайда қала тұрғындарын залға кіргізген кезде, олар жұмыртқа сатылатын сөрелерге лап қойып, тіпті дүрлігіс кезінде әйнек витринаны сындырып жіберді. Еріксіз бұған куә болған облыс әкімі құс фабрикалары үшін сауда орындарының санын көбейтуге тапсырма берді. Жилгородоктағыдай базар маңындағы қозғалысқа полицейлер бақылау жасады. Оларға мұндай тапсырманы кімнің бергенін білмеймін, бірақ олар неліктен екені белгісіз, ғимарат алдындағы тұрақжай бос болса да, машиналарға базарға қарай оңға бұрылуға рұқсат бермеді. Нәтижесінде сатып алушыларға көліктерін жол бойына қоюға тура келді. Машиналар легі Салтанат сарайына дейін созылып, қозғалысқа қатты кедергі келтірді. Сол сәтте әлеуметтік желілерде жақын маңдағы ықшамаудан тұрғындарының және әуежайға бара жатқандардың кептелісте 20-30 минуттап тұруға тура келгендеріне шағымданған комментарийлері пайда болды.

Билік бұл проблеманы қалай еткенде де шешуі керек, өйткені жексенбілік жәрмеңкеден айырмашылығы коммуналдық базар күн сайын, сағат 10-нан 22-ге дейін жұмыс жасайтын болады. Айына бір рет санитарлық күн қарастырылған.

- Бізде, басқа базарлармен салыстырғанда, сауда орындарының төлемақысы едәуір төмен. Күніне ет павильонында 1 мың теңге, балық павильонында 800, көкөніс - 500, азық-түлік павильонында - 700 теңге, - дейді базарды басқарушы "Сарайшық" ЖШС-нің директоры Асқар БИСЕНОВ. - Тікелей өз тауарын делдалсыз сатуға мүмкіндігі бар жергілікті өндірушілерге артықшылық беріледі. Бізде «Первомайский», «Сарайшық», «Бөдене», «Алмалы құс», «Алға» және т.б. бүкіл негізгі жергілікті өндірушілердің өнімдері қойылған. Ет сөрелерін 100 пайыз дерлік жергілікті шаруа қожалықтары алған, көкөніс сөрелерінде де солай.

Оның айтуынша, базарда 288 сауда орны бар, соның ішінде көкөніс павильонында 56, ет павильонында 58, балық павильонында 20, қалғандары - азық-түлік павильонында.

Сауда ғимаратының оң жағында сыйымдылығы 2330 тонна болатын қойма орналасқан. Азық-түліктерден басқа ол жерде тұрақтандыру қоры сақталмақ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

27 желтоқсан 2015, 21:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.