Атырау, 22 желтоқсан 06:11
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Еркін Үсенов: «Ақша болса, жаттықтырушылар табылады»

2 480 просмотра

Image 0Өңіріміздегі дойбы спортының дамуы туралы «Мұнайшы» СК және «Мүгедектердің спорт клубы» КМК жаттықтырушысы Еркін ҮСЕНОВ (суретте) әңгімелеп берді.

- Еркін Өтегенұлы, өтіп бар жатқан жылдағы шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айтыңызшы.

- Наурыз айында біз Шымкентте өткен 20 жасқа дейінгі зағип мүгедектер арасында ел чемпионатына бардық. Команда құрамында келесілер болды: бірінші тақта (бірінші тақтада ең мықты дойбышылар ойнайды) – 19 жастағы Аманқос Әбдешев, екінші тақта – 25 жастағы Мейіржан Оңайбай және үшінші тақта – 16 жастағы Мөлдір Қажимова. Мөлдір өз санатындағы спортшылар арасында ел чемпионы болып, спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Командамыз алдына тек Алматы облысын салып, 16 команда ішінен екінші орынға ие болды.

Содан кейін біз Таразға оқушылар арасындағы ел чемпионатына бардық. Мұнда қала сыртындағы Ақсай ауылының 9 жасар оқушысы Бекарыс Жұмалиев «алтын» иеленді. Ойындар үш номинация бойынша өтті: классикалық ойын (мұнда әр ойыншыға бір партия үшін 45 минут беріледі), белсенді ойын (ойыншығы 10 минут беріледі), қарқынды ойын (әр ойыншыға үш минут беріледі). Ол «классикада» тоғыз тур өткізіп, 18 ұпай жинап, үздік атанды. «Белсендіде» «күміс» иеленіп, қарқынды ойында төртінші болды.

Маусым айында біз ересектер арасында ҚР чемпионатына қатыстық. Ол Ақтөбеде өтті. Бес ойыншы барды, мен де ойнадым, алайда орын ала алмадым. 16 жастағы Ерзат Кенжеғали жоғарыда аталған үш номинацияға да қатысты. Ол біздің командамыздағы жүлде алған жалғыз адам – белсенді ойында «күміске» қол жеткізді.

8 мамырда «Балықшы» ДСК-нде мүгедектер арасында Жеңістің 70 жылдығына арналған біріншілік өтті. Абсолютті санатта А. Әбдешев мүмкін болған 18 ұпайдан 15 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Екінші орынды Амангелді Ешімов (13 ұпай), үшінші орынды Нұрберген Дүйсенбаев (12) алды. Әйелдер арасында Ғалия Лұқпанова үздік атанса, екінші орынды Бибігүл Жақыпова, үшінші орынды Айсәуле Жайсанбаева иеленді.

Image 1

- Жаңа жылға қандай жоспарларыңыз бар?

- Наурыз айында Алматыда 20 жасқа дейінгі зағип мүгедектер арасында ҚР чемпионаты өтеді. Содан кейін Қостанайда 1998-2000, 2001-03, 2004-06, 2007 ж.т. және одан да кіші жас топтарындағы оқушылар арасында ел чемпионаты өтеді. Содан соң мектеп және колледж оқушылары арасында ҚР командалық чемпионаты өтеді, бірақ әзірге өтетін орны мен уақыты белгіленген жоқ. 2014 жылы үш ер бала және үш қыздан құралған командамыз осындай чемпионатқа қатысып, 16 команданың арасынан алтыншы орын алды. Ақпанда Дене тәрбиесін дамыту өңірлік орталығы оқушылар арасында облыстық спартакиада өткізеді, бағдарламада дойбы да болады. осы жарыстардан кейін біз облыс құрамасына іріктеу жүргіземіз.

- Ал жаттығулар қайда өтеді?

- Мүгедектер арасындағы жаттығулар дүйсенбі, сейсенбі және сәрсенбі күндері сағат 15-тен 17-ге дейін 4-ықшамаудандағы Қазақ соқырлар қоғамының ғимаратында өтеді. «Мұнайшы» СК-де жаттығулар дүйсенбі мен сәрсенбі күндері сағат 9.30-11.30 аралығында жүргізіледі.

- Атырауға өзбек жаттықтырушысы, гроссмейстер Әбдіқадыр Таштеміровті шақыру идеясы жүзеге асты ма?

- Биыл бұл адам өз шеберлігін тағы бір дәлелдеп, Азия чемпионатының ардагерлер санатында «алтын» ұтты. Таштеміров Орал мен Ақтөбеде жұмыс жасады. Ақтөбеде, тіпті, спорттың зияткерлік түрлері – шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан бөлек БЖСМ ашылды. Нәтижелер көп күттірген жоқ. Қазір бұл қалада өз гроссмейстері бар – 19 жастағы Мирас Жекеев. Ол 2015 жылы Азия чемпионы атанды.

Таштеміров Атырауда келісімшартпен жұмыс жасауға келісіп отыр. Алайда біздің өз орынжайымыз жоқ, тағы бір жаттықтырушы жалдай алмаймыз. Егер ақша болса, жаттықтырушы кадрлар да табылады. Шымкентте менің аттасым, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Жандос Үсенов жұмыс жасайды. Оны да шақыруға болады...

Суретті түсірген автор және «ЖС» мұрағатынан

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

24 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.