Күйеу баласы енесіне қол көтермей, резіңке етікпен соққан.
Күйеу баласы Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылында тұратын енесіне мас болып барған. Күйеу баласының бұл түрін көрген әйел оған үйіне барып демалуды айтқан. Оны алып кету үшін оның туған інісі келеді, бірақ осы жерде төбелес басталады. Енесі оларды айырмақ болады. Сол кезде күйеу баласы оның басынан резіңке етікпен ұрған. «Нәтижесінде денсаулығына зақым келтіреді», деп жазады облыстық соттың баспасөз қызметі. Әйел материалдық зиянды 30 мың теңгеге, ал моралдық зиянды - 500 мың теңгеге бағалайды. Сот кезінде жанжалқор өкініш білдіріп, өз кінәсін мойындап, туысынан кешірім сұрады.
Жылыой аудандық сотының үкімімен А.У. ҚР ҚК-нің 108-бабы («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру») бойынша кінәлі деп танылып, 69 370 теңге мөлшерде айыппұл салу жазасын алды. Талап-арыз берушінің пайдасына 30 мың теңге мөлшерінде материалдық шығын мен 50 мың теңге мөлшерінде моралдық зиян өндіріліп алынды.
Еліктірген смартфон
Теңіз вахталық қалашығында «НСС» ЖШС жатақханасында әріптес әрі бөлмелес көршісінің смартфонына қызыққан Д. азғыру сынағынан өте алмады.
Өзін ұстай алмай, құны 150 мың теңге тұратын «Самсунг Галакси Нот-2» телефонын ұрлап, қашып кетті.
Жігіттің ашкөздігі оны түрмеге қамай жаздады. Негізгі сот отырысында Д. жасаған ісі үшін өкініп, өз кінәсін толықтай мойындап, зардап шегушіге бүкіл тигізген зиянын өтегенін түсіндіріп, соттан рақымшылық жасауды өтінді.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, Жылыой аудандық сотының қаулысымен ҚР ҚК-нің 68-бабына сәйкес қылмыстық іс өндіріспен қысқартылды. Д. зардап шегушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Физикалық, моралдық зақымдар
Махамбетте автомобиль құрбаны сот арқылы ЖКО-ға кінәлі тұлғадан 600 мың теңге өндіріп алды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Махамбет аудандық соты Д-ваның жауапкер Б.М-ға 551 мың теңге материалдық зиян мен 4 млн теңге мөлшерінде моралдық зиян өндіріп алу туралы талап-арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Д-ва өзінің талап-арызында 2015 жылдың 2 сәуірінде оны машина қағып кеткенін, ол миы шайқалып, екі аяғынан зақым алғанын көрсеткен. 3 айдай гипспен жүріпті.
Сот үкімімен жауапкер Б.М. кінәлі деп танылды, алайда тигізілген материалдық зиянды өтеген жоқ.
Содан кейін азаматтық талап-арызбен жүгінген Д-ва соттан тек материалдық қана емес, моралдық зиянды да өндіріп алуға қолдау көрсетуді өтінді.
Сот талап-арызды ішінара қанағаттандыру: 112 400 теңге материалдық зиян мен 500 000 теңге моралдық зиянды қанағаттандыру туралы шешім шығарды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА