
17 желтоқсанға қараған түні Атырауда полиция қызметкерлері көпірден Жайыққа секірген қызды құтқарды.
Бақылау камерасына түскен Мечников-Баймұханов көпірінде түн ортасында жалғыз жүрген қыз ІІД-нің шұғыл басқару орталығының қызметкерлеріне күмәнді болып көрінді. Күмәнданулары да дұрыс екен. Осы жерге бірнеше минуттардан кейін жол-патрульдік полиция экипажы келгенде ешкім жоқ болды: қыз суға секіріп кетіпті. Қараңғы өзен бетіндегі әлсіз су айқыштары қыздың құлаған жерін анықтауға мүмкіндік берді.
- Экипаж көлікпен жағаға түсіп, оның құрамындағы жедел әрекет ету арнайы жасағының жауынгері, қатардағы сарбаз Әлихан ҚҰМАРҒАЛИЕВ қаруы мен оқсауытын лақтырып, суға секірді,- дейді ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлназира МҰХТАРОВА.
23 жастағы Құмарғалиев бұрын ешқашан мұздай суық суға түсіп көрмеген екен. Кейін өзі мойындағандай, суға секіргенде басында суық өтіп кетеді-ау деген ой да болмаған. Дегенмен, медициналық анықтамаларға сәйкес, 10-нан 0 градусқа дейін су температурасында суық өтудің ауыр формасы болып, дене құрысып қалады екен. Ал ол мұздай суда 7-8 минут жүзді. Жігітті спорттық дайындығы құтқарса керек: Әлихан – кекушинкай каратеден халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
- Неге аяқ киіміңді, күртеңді, киіміңді шешпедің, оларға су сіңіп, суға батып кетуің мүмкін еді ғой?
- Білмеймін, бәрі тез болды, үлгере алмай қаламын ба деп қорықтым,- дейді Әлихан. – Секіріп, дауыс шыққан жаққа қарай жүздім, қыз суға бір батып, бір шығып, жанталасып жатыр екен. Қалай екенін білмеймін, қолыма шашы ілініп, жағаға сүйреп шықтым. Жағаға жақындаған сайын ауырлай бастады, қыз үстіндегі бар киімімен секіріп кеткен ғой. Сол кезде менімен бірге келген полиция қызметкерлері де суға түсіп, жағаға шығаруға көмектесті. Біз осы уақытқа дейін жедел жәрдем шақырып қойғанбыз, бірақ күткен жоқпыз, оны көлігімізге салдық, әбден жаурап қалған екен, есі бар, алайда қатты қорыққаннан қозғала да, сөйлей де алмады. Біз бірнеше минутта бос көшелермен жүріп отырып, облыстық ауруханаға жеткіздік, бізді күтіп тұр екен, қызды алып кетті. Маған бір екпе салып, салқын алатын «Терафлю» берді. Мен қалалық бөлімдегі базаға барып, құрғақ киімдер ауыстырып, кезекшілігімнің қалған уақытын атқардым. Таңертең ауысымды тапсырып, үйге кеттім.
Өзін-өзіне қол жұмсағысы келген қыз туралы тек оның 25 жаста екені ғана белгілі. Бұл қадамға ол туыстарымен келіспей қалғаннан барған деген жорамал бар. Қыз өзінің түсініктемесінде апасы мен жездесі оның атына несие ресімдеп, жапон көлігін алып, қарызды төлемеді деп жазыпты.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
В Атырау +3