Атырау, 29 қараша 08:52
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Сол «сервис», алайда енді 80 теңге

2 791 просмотра

Қалалық әкімдікте болған тасымалдаушылар жиналысында қалалық көлік мәселелері талқыланды.

Естеріңізге салсақ, 1 қаңтардан бастап қоғамдық көліктердің қалалық маршруттарында жолақы 80 теңге болады. Қала маңындағы маршруттарда ол 20 теңгеге қымбаттайды (бұл жерде баға маршруттың қашықтығына байланысты). Қалалық ТКШ бөлімінің көлік секторының басшысы Қуаныш ИБРАГИМОВТЫҢ айтуынша, қазір Атырауда 19 қалаішілік және 11 қала маңындағы елді мекендерге баратын 30 маршрут бар. бұлардың 80%-ы «Айс Транс Холдинг» ЖШС иелігінде, ал қалғаны, негізінен қала маңы маршруттары, алты тасымалдаушыға бөлінген.

Жаңа тарифте бұрынғы жеңілдіктер сақталады: Ұлы Отан соғысына қатысқандар, І және ІІ топтың мүгедектері, бала жасынан мүгедек болғандар, Қазақ соқырлар қоғамының мүшелері мен сабақ кезінде оқушылар тегін жүреді, зейнеткерлер мен жоғары оқу орындары және колледж студенттеріне 50 пайыздық жеңілдіктер белгіленген. Студенттерге жолақылық ақшалар төлем карточкасына, айына орта есеппен 1 300 теңгеден аударылады.

- Біз тарифті көтердік және жолаушыларға жақсы сападағы қызмет көрсетілгенін қалаймыз. Дегенмен, жыл басынан бері тасымалдаушылар үстінен 53 шағым келіп түсті, - деді қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ. – Жолаушылар кондукторлар мен жүргізушілердің дөрекіліктеріне, көлік салонының ластығына, жүргізушілер көлік жүргізуде телефонмен сөйлесетіндігіне, жолда жарысып, ең бастысы – балаларды автобусқа мінгізбей, итеріп түсіретін келеңсіздіктерге шағымданады.

Жүргізушілердің алыс жатқан елді мекендерге бармай, маршрутты өз беттерінше қысқартатынына, жұмысты ерте аяқтап, демалыс күндері мүлдем шықпайтындарына да шағымданып жатады. Жолаушылар өз шағымдарын әкім блогына, ТКШ бөліміне, «Нұр Отан» мен прокуратураға жазып жатыр.

Қалалық билік тәртіп орнату іс-шараларын үнемі өткізеді. Мәселен, автобустар GPS жүйесімен жабдықталып, 20 аялдамаға диспетчерлік орталықпен байланыста болатын электрондық табло орнатылып жатыр. Ал алға қарай электрондық билеттер енгізу жоспарда бар.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген ҚАРАБАЕВТЫҢ айтуынша, қазір қалалық оқушылардың деректерін жүйелеу жұмыстары жүріп жатыр, қанша бала қандай маршруттарда жүретінін анықтайды.

Алайда осы мәселермен қатар кей маршруттарда, әсіресе, Нұрсая және Самал ықшамаудандары бағытында автобустардың жетіспеушілігі мәселесін де шешу қажет.

Тасымалдаушылар тарифтің көтерілуін жаңа автобустар сатып алуға пайдаланады деген үміт жоқ.

- Бұл ақшалар біздің шығындарымызды да жаба алмайды. Жанармай үшін 20 млн теңге қарызбыз, қосалқы бөлшектер күн сайын емес, сағат сайын қымбаттауда, - дейді «Айс Транс Холдинг» ЖШС директоры Мақсот СҮЙІНОВ.

Дегенмен басқа да жолдары бар екен. Компания автопаркті кеңейту үшін банктен несие алуға келісімшарт мерзімін ұзартуға қарай (қазіргі 5 жылды 10 жылға) кері қарауды өтінді.

Қалалық әкімдік мұндай ұсыныстың заңдылығын зерделейтін болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 желтоқсан 2015, 16:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.